Қазақстанның ұсынысы бойынша Ташкент коммюникесі қабылданды

414

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан делегациясы 2023 жылғы 23-24 қаңтар аралығында Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ЭЫҰ СІМК) 26-шы отырысына қатысуда.  

Қазақстанның ұсынысы бойынша Ташкент коммюникесі қабылданды Фото: gov.kz

СІМК қорытындысы бойынша Ташкент коммюникесі қабылданды, ол Қазақстанның ұсынысы бойынша ЭЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді, деп хабарлайды Inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АӨСШК-ге төраға ел ретінде Қазақстан осы ұсынысты іс жүзінде іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

"Ауғанстандағы оқиғаларды ескере отырып, Министр М. Тілеуберді әріптес мемлекеттерді осы елді ЭЫҰ шеңберіндегі өңірлік экономикалық процестерге белсенді тартуға шақырды, Қазақстанның ауған халқына материалдық және гуманитарлық қолдау туралы айтты", - делінген хабарламада.

СІМК шеңберінде Қазақстан өкілі Жандос Асанов жаңа 3 жылдық кезеңге ЭЫҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымына қайта сайланды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Кеңес 2023 жылға арналған ЭЫҰ Жұмыс бағдарламасы мен Іс-шаралар күнтізбесін мақұлдады, сондай-ақ ЭЫҰ Хатшылығы мен мамандандырылған органдарының қызметі туралы есептер қабылданды, Ұйымның жобалау қызметі мәселелері бойынша ұсынымдар әзірленді, 2023 жылға арналған бюджет мақұлданды.

Басты жиыннан бөлек Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Өзбекстан, Тәжікстан сыртқы істер министрлерімен, сондай-ақ ЭЫҰ Бас хатшысымен бөлек екіжақты кездесулер өткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу