"Қазақтелеком" компаниясы келесі жылдың екінші тоқсанында Павлодардағы деректерді өңдеу хабында алғашқы 50 МВт-тық ЖИ-деректер орталығын салады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, трансшекаралық байланыс инфрақұрылымы мен қолжетімді электр энергиясының болуы халықаралық есептеу қуаттары хабын құрудың міндетті шарты саналады.
"Бұл жоба қазірдің өзінде белсенді жүзеге асырылып жатыр. Павлодар облысында жер телімі бөлініп, ГРЭС-1 станциясынан 300 МВт қуат резервке қойылды. Халықаралық инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда біз ешкімді күтпейміз. "Қазақтелеком" келесі жылдың екінші тоқсанында алғашқы 50 МВт-тық ЖИ-деректер орталығын салады", – деді Ж. Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Бұл деректер орталығының қуаты мемлекеттік органдардың жаңа деректер орталығынан, онда орналасқан суперкомпьютермен қоса есептегенде 10 есе жоғары болады.
Жобалау және құрылыс жұмыстарын 2026-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.
"Бұл бағыт жаңа экономиканы қалыптастыруға негіз қалайды. Сонымен бірге, биыл мемлекеттік ақпараттық жүйелерді төтенше жағдайлар кезінде де тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін толық резервтеу жүргізіледі", – деді министр.