Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! – Қасым-Жомарт Тоқаев

Алдағы уақытта еліміздегі орман алқабы 14,5 миллион гектарға дейін ұлғаймақ.

Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: el.kz

Бұл іске "Дала орманы" жобасының септігі көп тиеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сол себепті, Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге аталған жобаға қолдау білдіруді тапсырды.

– Осы орайда, Ұйым қолға алған тағы бір маңызды бастаманы атап өткім келеді.

Маған кеше "Қазақ тілі" қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы "Дала орманы" деген жақсы жобаны таныстырды.

Бұл ұйым бір жылдың ішінде серіктестерімен бірге 400 гектар жерге 5 миллион тал еккен. Осы жұмыстың нәтижесінде еліміздің үш облысында 4 үлкен орман питомнигі құрылған.

Енді оның ауқымын одан әрі кеңейту керек. Әр ауылдың маңынан 25, аудан орталығының қасынан 50, ал үлкен қалалардың маңайынан 100 гектардан көшеттер өсіретін саябақтар ашу жоспарда бар екен.

Мен мұны толық қолдаймын. Дұрыс бастама. Үкімет пен әкімдіктер де бұл жұмысқа атсалысуы қажет, – деді Президент. 

Осы жобаның арқасында Қазақстандағы орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туып тұр. Әлбетте, бұл "Қазақ тілі" ұйымының "Таза Қазақстан" жобасына қосқан нақты үлесі болмақ. 

– Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! Орманды өсіру де, даланы жайнату да біздің қолымыздан келеді. Сондықтан "Дала орманы" жобасын сапалы жүзеге асыру өте маңызды. Бәріміз қолдайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу