15 маусым – Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Молдағұлованың туған күні, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлігімен ел есінде қалған қазақтың қаһарман қызы биыл 101 жыл.
Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы өткен жылы мемлекеттік деңгейде кеңінен аталып өткен болатын.
Батыр қыз 1925 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ғұмыры қысқа болса да, оның ерлігі мен есімі тарихта мәңгі қалды. 18 жасында майданға аттанған ол 1943 жылдың қазан айында 2-Прибалтика майданы құрамында ұрысқа кірді.
1944 жылғы 14 қаңтарда Псков облысындағы Насва стансасын азат ету кезінде Әлия Молдағұлова ерекше ерлік көрсетіп, сарбаздарды шабуылға бастап, ұрысты соңына дейін басқарған. Ауыр жараланса да, соңғы демі қалғанша майдан шебін тастамай, ерліктің үлгісін танытты.
Тарихи деректерге сәйкес, мерген қыз майданда 78 жау солдаты мен офицерін жойған. Ерлігі үшін оған қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, "Алтын Жұлдыз" медалі мен Ленин ордені табысталды.
Бүгінде Әлия Молдағұлованың есімі ел жадында мәңгі сақталып, оның құрметіне көптеген ескерткіштер, музейлер мен нысандар ашылған. Ақтөбе облысында батыр қызға арналған музей жұмыс істейді.
Қазақтың қаһарман қызының ерлігі – ұрпаққа үлгі, елге мұра. Оның есімі мен ерлігі жыл өткен сайын жаңғырып, мәңгілікке жалғаса бермек.