Қазақтың үш бірдей мәдени мұрасы ЮНЕСКО тізіміне ұсынылды

593

Түпкілікті шешім 30 қараша мен 5 желтоқсан аралығында Қытайдың Сямынь қаласында өтетін Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің сессиясында қабылданады.

Қазақтың үш бірдей мәдени мұрасы ЮНЕСКО тізіміне ұсынылды Фото: ortalyq.kz

ЮНЕСКО-ның бағалау органы қазақтың салбұрын меркесін, кесте тігу өнері мен дәстүрлі киіз басу тәсілін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform.kz агенттігіне сілтеме жасап. 

Қазақстан "Салбұрын – тазы мен бүркіт қатысатын дәстүрлі аңшылық фестивалі" номинациясын жеке өзі ұсынған. Құжатта бұл жыл сайын өткізілетін фестивальдің тамыры көшпелі халықтың салт-дәстүрімен тығыз байланысты екені жазылған. Әдетте фестиваль күздің соңынан қыстың басына дейінгі кезеңде өтіп, шамамен бір аптаға созылады. Оған саятшылық құратын тәжірибелі құсбегілер мен тазы иелері қатысады. Сонымен қатар шара аясында өнерпаздар, айтыскерлер мен жастар да бас қосады.

Салбұрын 2013 жылы Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енгізілген.

Номинацияны әзірлеуге "Қыран" федерациясы, "Жалайыр шора" және "Қансонар" қауымдастығы атсалысқан.

Кесте тігу өнері номинациясын Қазақстан Тәжікстан және Өзбекстанмен бірлесіп ұсынған. Ол "Kashtachilik san’ati / Kashidaduzi / Biz keste, bedel keste" деген атаумен тіркелген.

Кесте тігу – матаға түрлі түсті жіптермен сәндік әрі символдық өрнектер түсіруді қамтитын дәстүрлі қолөнер түрі. Бұл үшін мақта, жүн, жібек маталар, кейде былғары да пайдаланылады. Кестемен қабырғаға ілетін кілемдер, жастықтар, киім-кешек, бас киімдер мен үйге қажетті бұйымдар безендіріледі. Бұл кәсіппен негізінен әйелдер айналысады. Олар үшін кесте тігу – ұлттық дәстүрді жалғастырумен қатар, табыс табудың да бір көзі.

Ал "Дәстүрлі киіз басу" номинациясын Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстанды қоса алғанда, 8 мемлекет бірлесіп ұсынған.

Киізден кілем, намаз оқитын төсеніш, киіз үйдің жабдықтары, киім-кешек пен түрлі бұйымдар жасалады. ЮНЕСКО құжатында аталған елдердің ортақ мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытындағы ынтымақтастығы жоғары бағаланған. Сондай-ақ бұл дәстүрдің белгілі бір географиялық аумақпен шектелмейтіні атап өтілген.

ЮНЕСКО тізіміне енгізуге ұсынылған өтінімдер үш санат бойынша қаралады. Олар: тізімге енгізу, толықтыру үшін елдерге қайтару және енгізуден бас тарту.

Тізімге енгізуге ұсынылған номинацияларды комитет, әдетте, түпкілікті мақұлдайды.

Биыл Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу үшін барлығы 59 номинация ұсынылған. Бағалау органы оның 56-сын тізімге қосуды қолдаса, қалған 3 номинацияны толықтыру үшін елдерге қайтаруды ұсынған. 

Қазіргі таңда Қазақстан аталған тізімде 14 мәдени мұра элементімен ұсынылған.

Олардың қатарында:

  • Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері (2014);
  • Айтыс өнері (2015);
  • Нан дайындау және бөлісу мәдениеті (2016);
  • Қазақ күресі (2016);
  • Қазақтың дәстүрлі асық ойындары (2017);
  • Қазақ жылқышыларының көктемгі дәстүрлі мерекелік салт-жоралғылары (2018);
  • Қорқыт ата мұрасы (2018);
  • Тоғызқұмалақ (2020);
  • Сұңқармен саятшылық құру дәстүрі (2021);
  • Қожа Насреддин туралы әзіл әңгімелер айту дәстүрі (2022);
  • Ортеке өнері (2022);
  • Наурыз мерекесі (2024);
  • Беташар салт-дәстүрі (2024);
  • Киіз үй жасауға қатысты дәстүрлі білім мен шеберлік (2025).

Осы мұралардың бірқатары Қазақстанның басқа мемлекеттермен бірлескен ұсынысы негізінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу