"Қазатомөнеркәсіп" кәсіпорындарынан мұнай өнімдері мен бағалы заттарды ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

1256

Оның құрамында оннан аса адам болған. Бүгінде олар тергеу абақтысында отыр.

"Қазатомөнеркәсіп" кәсіпорындарынан мұнай өнімдері мен бағалы заттарды ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Түркістан облысында "Қазатомөнеркәсіп" кәсіпорындарынан мұнай өнімдері мен бағалы заттарды ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің үйлестіруімен Түркістан облысы Полиция департаменті Созақ ауданында "Қазатомпром" кәсіпорындарынан аса ірі көлемде жанар-жағармай мен бағалы заттарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталған.
"Оның құрамына оннан аса адам кірген. Олардың арасында бұрын сотталғандар мен деструктивті діни ағым өкілдері болған. Күдіктілер ай сайын 10 млн теңгеге мүлік ұрлаған. Олар ұрланған заттардың радиациялық қаупі болғанына қарамастан материлдарды сатуды тоқтатпаған", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ қылмыстық топтың мүшелері бопсалау, кәсіпкерлерге "қамқорлық жасау" және рэкетпен айналысқан. 

"Олар криминалды ортада өз ұстанымдарын нығайту үшін қару қолдана отырып, есеп айырысу жүргізген. Тінту барысында күдіктілерден есірткі, атыс қаруы, күмәнді діни әдебиет, қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат, "қара бухгалтерия" блокноттары және "Қазатомпром" кәсіпорындарынан ұрланған бағалы заттар табылды", – деп жазылған хабарламада.

Тіркелген фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 197-бабы ("Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау және сатып алу"), 287-бабы ("Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, беру, сату және сақтау") және 296-бабы ("Есірткі құралдарымен заңсыз іс-әрекет") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қалған фактілер бойынша дәлелдер жиналып жатыр. Барлық жедел іс-шара прокурордың санкциясымен жүргізілді.

"Кінәлі адамдар ұсталды және соттың санкциясымен тергеу изоляторына қамалды", – деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу