"ҚазАвтоЖолдың" жол жөндеу жұмыстарына арналған мемлекеттік сатып алу конкурсында сөз байласқан 2 компанияға айыппұл салынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Атырау облысы мен Астана қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменттері бірлесіп жүргізген тергеу барысында "Бірлік Жол Строй" және "NNC Group" компанияларының мемлекеттік сатып алу конкурсында картельдік келісім жасағаны анықталды.
"NNC Group" компаниясына 92 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар оның 403 млн теңгеден астам монополиялық табысы мемлекет кірісіне өндірілді.
Компанияның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.
Ал "Бірлік Жол Строй" компаниясына табысының 3%-ы мөлшерінде айыппұл салынды. Оның монополиялық табысы тәркіленді. Компания әкімшілік айыппұлды толық төлеген.