Қазмырыш Қазақстанның даму банкінен 33 миллиард теңге қарыз алды

1568

Қазмырыш Қазақстанның даму банкінен 33 миллиард теңге қарыз алды

"Қазақстанның даму банкі" АҚ "Жәйрем тау-кен байыту комбинаты" АҚ-ға Қарағанды облысы Жәйрем ауылында жаңа тау-кен байыту комбинатын салу үшін несие желісін ашты, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Комбинаттың жылына 5 млн тонна полиметалл кенін қайта өңдейтін қуаты бар. Жобаның жалпы құны 424 млн АҚШ долларын құрайды. ҚДБ құны 352 млн АҚШ долларына бағаланатын тау-кен байыту комбинатының бірінші кезеңін салу үшін 7 жылға дейінгі мерзімге ұлттық валютада 33 млрд теңге көлемінде  қарыз ұсынады.  Тиісті несиелік келісімге  тараптар 20 қазанда Астана қаласында қол қойды.

"Бүгін қаржыландыру басталғаны туралы жариялағалы отырған жобаның Қазақстанның тұтас тау-кен металлургия кешенін дамытудағы маңызы зор. Жәйрем қорғасын, мырыш және бариттің ірі әлемдік кен орындарының қатарына жатады. Жаңа Жәйрем ТБК құрылысы "Қазмырыш" компаниясы үшін аса маңызды, себебі ол еліміздің шығысында орналасқан ескі кен орындары сарқылған соң қазақстандық ресурстық базаны сақтауға мүмкіндік береді", - деп айтты ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Өз кезегінде "Қазмырыш" ЖШС бас директоры Александр Хмелев: "Қазақстанның шығысындағы қазіргі шикізат базасы шексіз емес. Жаңа нысанды салу туралы шешім – стратегиялық, ол шығындарды оңтайландыруға және шикізат өңдеуге қатысты бірақатар өзекті міндеттерді орындауға көмектеседі. Жәйрем ТБК – бұл ең алдымен еліміздің тау-кен өндіру саласын әрі қарай дамытуға бағытталған "Қазмырыштың" перспективалы жобасы. Бұдан өзге, біздің компания Жәйрем тобының қорларын ықтимал кеңейту тұрғысынан геологиялық барлау жұмыстарымен айналысады. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы инвестициялық тартымдылығын көрсететін өте перспективалы жоба", - деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу