Осы орайда, біз педагог, балалар ақыны Ержеңіс Әбдіні әңгімеге тартқан едік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кейіпкеріміз сөз басын балалар әдебиетіне қалай келгенінен бастады.
– Мен алғашқыда мектепте мұғалім болғаннан кейін, балалардың ортасында жүргеннен соң оқушыларға түсінікті етіп өлеңдер, есептер беріп жүрдім. Ақын деген атымыз бар, кейінірек есепті өлеңге айналдырдым. Бұл сәл тартымды сияқты көрінді, өйткені балалар, ата-аналар қызықты. Кейін әлеуметтік желіде оқырмандардың ықыласы ауды. Сол оқырмандарымның ұсынысымен "Ержеңістің ерекше есептері" деп кітап шығардым. Ол 2019 жылы жарық көргенде жақсы таралды. Кейін балалар әдебиетіне қосқан үлесім үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдандым, – дейді ол.
Жеке мұрағаттан
Ұлағатты ұстаз "Менікі "Балаларға есеп шығарту үшін қандай әдіс-тәсілдер қолдансақ болады?" деген сұраққа жауап іздеуден басталған жұмыс еді" деп көкейіндегісін жасырмады. Шыны керек, қазір "балаларға әдебиетті қалай оқытамыз, өлеңдерді, тақпақтарды қалай жаттатамыз?" деген сұрақ барлық әдебиет өкілін мазалап жүргені анық.
– Қазір үйде 2 жастан асқан кішкентайым бар. Соның мына теледидардан көріп жүрген мультфильмдері, әліппенің әрпі және санамақ бар. Соларға қарап отырып, осындай шығармаларды өлең түрінде жазып, осындай видео түрінде таратса, балаларға тез жатталатын сияқты. Осындай практика мен теорияны байланыстырып отырып, алдағы күндері осындай шығармашылықты дамыту деген ойлар туындап жатыр.
Мен санамақ та жазғанмын, өсімдіктер, жануарлар және балықтар туралы санамақ деп. Бірақ оны мен практикаға сүйенбей, тек ұйқас құрап отырып құрадым. Бірақ балаға тікелей жаттауға, әуезді музыкаға салуға ыңғайлап жазған дұрыс екен. Әрбір бала ақпаратты видео арқылы тез қабылдайтын кезеңде өмір сүрітп жатырмыз. Қазір осындай ойым бар. "Соны іске асырсам қалай болады екен?" деп жүрмін, – деді кейіпкеріміз.