Елімізде соңғы жеті жылда оқу гранттарының саны артты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Тағы бір маңызды міндет – білім беру саласын жан-жақты дамыту. Бұл, ең алдымен, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қажет. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 1483 балабақша ашылды. 1342 заманауи мектеп бой көтерді.
Кейінгі жеті жыл ішінде жастардың жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Бұл шаралар жас буынның қалаған кәсіпті меңгеруіне, қабілетін ұштауына мүмкіндік береді", – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Егемен елдің еңсесі – биік" деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек.
Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек.
Мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен жоспарлар жөнінде келесі аптада Қазақстан халқына Жолдауымда толығырақ айтамын", – деп сөзін толықтырды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.