"Kazlogistics cup" - жарыс қана емес, қайырымдылық акциясы

207

Астанада футзалдан логистикалық, көлік-инфрақұрылымдық компаниялар арасындағы "Kazlogistics cup" турнирі өтті.

"Kazlogistics cup" - жарыс қана емес, қайырымдылық акциясы Фото: Inbusiness.kz

Жарысты Қазақстан көлік қызметкерлері одағы ұйымдастырды. Осылайша сала мамандары ұжым боп бірігіп қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттайды. Бірақ турнирдің басты мақсаты қайырымдылықпен айналысу, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

 "Kazlogisticscup" осымен екінші рет өткізіліп отыр. Биыл бұл турнирге 250-ден астам спортшы қатысты. Оның ішінде белсенді ұжым ретінде PTC Holding командасын атап өтуге болады. Қазақстандағы ең ірі көлік-логистикалық компанияның құрамасы жарыста бірде бір ойыннан қалмады. Осындай шаралар арқылы сала мамандары өзара байланыc орнатып, жаңа әріптестер табады. Биылғы бәсекеге көлік қызметкерлерімен қатар инфрақұрылым саласының компаниялары белсенділік танытты.

"Осындай жарыстар көлік саласындағы компаниялардың бір-бірін жақыннан тануға көмектеседі. Былтыр 17 команда бақ сынаған еді. Турнир өте тартысты өтті. Биыл міне 24 команда құрама келді. Демек бәсеке қыза түседі", - дейді "Nur Zhol Company" ЖШС бас директоры Қанат Көбесов.

Турнирге көлік компанияларымен қатар бірінші рет салалық оқу орындарының студенттері де қатысып отыр. Бұл болашақ мамандар үшін өз ісінің шеберлерімен емін-еркін араласып кетуге үлкен мүмкіндік береді. Яғни тәжірибелі көлік қызметкерлерін жақыннан танып, үлгі алады.

"Бізге салаға жас, кәсіби мамандардың көбірек келгені керек. Осы Назарбаев университеті мен Тұран университеті көлік-логистика саласын дамыта алатын кадрлар дайындап жатқанына сеніміміз мол", - дейді "TRANCO" АҚ бас директоры Сергей Анашкин.

Бірақ, "Kazlogisticscup" турнирінің басты ерекшелігі  қайырымдылықпен айналысуында. Жарыс соңында ерекше қажеттілігі бар балғындарға логистикалық және көлік-инфрақұрылымдық компаниялар атынан бағалы сыйлықтар үлестірілді. Бұл қатарда PTC Holding те бар. Сондай-ақ, жеңімпаз команда балалармен футбол ойнады. Бұл матчта жас қаһармандар құрамасы басым түсті.

"Жарыстың басты мақсаты  қайырымдылық. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларды шақырып отырмыз. Осылайша оларға көлік компаниялары көңіл бөлгенін, қолдағанын қалаймыз. Жалпы көлік компаниялары үнемі қайырымдылыққа көп мән береді", - деді "Kazlogistics" бас директоры Ерлан Абсатов. 

"Kazlogisticscup" турнирлерінде қайырымдылық жасау әдетке айналған. Ұйымдастырушылар футзал жарыстарында ғана емес, басқа спорт түрлерінен де қайырымдылыққа бағытталған  жарыстар өткізуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу