Осы жылдың соңына дейін Орталық Өріктауда жылына 200 млн текше метрге дейін шикі газ өндіру жоспарланып отыр. Кейін өндіріс қуаты жылына 1 млрд текше метрге дейін ұлғайтылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақтөбе облысында Орталық және Шығыс Өріктау кен орындарында өндірістік инфрақұрылымды құру жұмыстары басталды.
Жобаны "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясы – "Өріктау Оперейтинг" ЖШС жаңа кен орындарын ауқымды игеру жобасы аясында жүзеге асырып жатыр.
Орталық Өріктауда газды жинау және тасымалдау жүйесінің құрылысы, сондай-ақ жаңа газ өндіру ұңғымаларын жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Шығыс Өріктауда мұнай мен газды дайындау нысандары, электрмен жабдықтау жүйелері және өзге де өндірістік инфрақұрылымдар салынып жатыр.
Дайындық кезеңі аяқталды: құрылыс алаңдарында жұмыстар басталып, қажетті материалдар мен жабдықтар жеткізілді, мамандардың жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдай жасалды. Шикізат Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде өңделіп, одан тауарлық газ, сұйылтылған көмірсутек газы, тұрақты газ конденсаты және түйіршіктелген күкірт өндірілмек.
Орталық және Шығыс Өріктау кен орындарын игеру – Қазақстанның ресурстық базасын дамыту және газ өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі.