Дегенмен ұлттық компания мұнай тасымалдауды азайтқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 2025 жылдың бірінші жартыжылдықтағы негізгі өндірістік көрсеткіштер:
- Мұнай және конденсат өндіру көлемі 8,8% артып, 13 млн 43 мың тоннаны құрады;
- Газ өндіру көлемі 18,3% өсіп, 5 млрд 726 млн м³ жетті;
- Мұнай тасымалдау 0,3% төмендеп, 41 млн 616 мың тоннаны құрады;
- Мұнай өңдеу көлемі 16,5% ұлғайып, 10 млн 375 мың тонна болды.
2025 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 13 млн 43 мың тоннаны (ҚМГ үлесіне) құрады. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 8,8% жоғары. Ілеспе және табиғи газ өндіру көлемі 18,3% өсіп, 5 млрд 726 млн м³ жетті.
Биыл 6 ай ішінде операциялық активтерде 7 млн 61 мың тонна мұнай мен конденсат өндірілді:
- "Өзенмұнайгаз" АҚ (ӨМГ) – 2 млн 528 мың тонна;
- "Ембімұнайгаз" АҚ (ЕМГ) – 1 млн 376 мың тонна;
- "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ (ММГ) – 1 млн 521 мың тонна;
- қалған еншілес кәсіпорындар – 1 млн 636 мың тонна.
ӨМГ, ЕМГ, ММГ-да мұнай өндіру деңгейі өткен кезеңнің нәтижелеріне ұқсас. Бұл ретте ЕМГ мен ММГ-да газ өндіру көлемі сәйкесінше 7,7% және 2,4% өскен. Бұл көрсеткішке газ факторы жоғары ұңғымалардың іске қосылуы ықпал етті.
Мұнай тасымалдаудың жалпы көлемі 41 млн 616 мың тоннаны құрады:
- Магистралды құбырлар арқылы тасымалдау көлемі 2,6%-ға өсіп, 36 млн 32 мың тоннаға жетті;
- Теңіз арқылы тасымалдау көлемі 5 млн 584 мың тонна болды.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында көмірсутек шикізатын өңдеудің жалпы көлемі 16,5% өсіп, шамамен 10 млн 375 мың тоннаға жетті (ҚМГ үлесіне).
Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 5% артып, 7 млн 405 мың тоннаны құрады. Көрсеткіштің өсуі Павлодар мұнай-химия зауытындағы өңдеу көлемінің ұлғаюына және Шымкент мұнай өңдеу зауытының (ПҚОП) үздіксіз жұмыс істеуімен байланысты.
Румыниядағы KMG International (Петромидия, Вега) зауыттарындағы өңдеу көлемі 60,7% өсіп, 2 млн 969 мың тоннаға жетті. Көрсеткіштің едәуір өсуіне кәсіпорындардың барынша тұрақты операциялық қызметі ықпал етті.
Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген мұнай өнімдері:
- бензин – 2 млн 332 мың тонна, өсім 14%
- дизель отыны – 2 млн 521 мың тонна, өсім 16,5%.
KMG International мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген мұнай өнімдері:
- бензин – 691 мың тонна, өсім 62,5%
- дизель отыны – 1 млн 170 мың тонна, өсім 38,4%.
Қазақстан және румын зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 16,9% ұлғайып, 9 млн 685 мың тоннаға жетті.