Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында орналасқан "Қазсушар" РМК филиалдарының базасында тұрақты суару бойынша 5 оқу орталығын құру мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік мәліметінше, жобаны іске асыру үшін Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен және "Қазсушар" РМК-мен бірлесіп жол картасы мен техникалық сипаттамалары әзірленеді.
Бұл орталықтар су шаруашылығы мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ заманауи су үнемдейтін суару технологияларын кеңінен таратуға арналған бейінді оқу-демонстрациялық алаңдарға айналады.
Орталықтарда оқыту, демонстрациялық және зертханалық инфрақұрылым, сондай-ақ тұрақты суару, суды бөлуді басқару және суару жүйесін пайдалану бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу жүзеге асырылады.
Су шаруашылығы, аграрлық сектор және пайдалану ұйымдарының мамандарын оқыту ұйымдастырылады. Сонымен қатар, оқу бағдарламаларын әзірлеуге және оқыту процесіне салалық және халықаралық серіктестерді тарту көзделген. Бұл орталықтар тұрақты суару саласындағы үздік тәжірибелерді сынақтан өткізу және кеңінен тарату алаңы ретінде де пайдаланылады.
Сондай-ақ, фермерлер мен шаруа қожалықтарына қолда бар ең озық су үнемдеу технологияларын қалай қолдану керегін үйрету үшін оқыту ұйымдастырылады.
– Жобаны іске асыру ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға, су шығынын азайтуға және ирригация саласындағы кадрлық әлеуеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңірлік оқу орталықтарын дамытуға арналған іс-шаралар грант қаражаты есебінен қаржыландырылады, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.