Депутат Қазыбек Исаны сөзінше, қазіргі уақытта теріс ағымдар қатты күшейіп бара жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Ұлтты ұйыстыратын, жұртты көркем мінезді имандылыққа шақыратын уағыздың орнына у ағызып, ұлтқа қарсы шығып отырғандарды қалай ұстаз деуге болады? Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды? Оларға Қазақстан діни мұсылмандары басқармасы қандай шешім, қандай пәтуа шығарып отыр?
Тіпті, ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайтадан күшейіп келеді. Терісін ауыстырып алған теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз майданда мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін қазаққа қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр, – деді ол.
Депутат соңғы уақыттары қоғамды дүр сілкіндірген 2 мәселеге де тоқталмай өтпеді. Оның бірі – қазақтың қасиетті мейрамы әз-Наурызға қарсы қара ниеттінің кертартпа пікір. Екіншісі, өзіне ұнамаған әйелін ат ауыстырғандай көңілі қалаған адамға сыйлай салған атышулы уағызшыға қатысты оқиға.
– Осыдан 3 жыл бұрын да біз осы парламентте теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салу мәселесін көтергенбіз. Содан бері не болды, нәтиже қайда? Қайта теріс ағымдар одан бетер күшейіп бара жатқанын көріп отырмыз, – деді Қазыбек Иса.