Кеден қызметкерлері шетелдік инвестордың қалтасын қақпақ болды

Олар тұрақты жеткізушіден шамамен 100 млн теңге төлеуді талап еткен. 

Кеден қызметкерлері шетелдік инвестордың қалтасын қақпақ болды Фото: unsplash.com

Павлодар мұнай-химия зауыты соңғы алты жыл бойы франциялық компаниямен өзара серіктестікте қызмет атқарып, бірлескен жобаны жүзеге асырып келеді. Алайда, бұл жолы шекараның арғы жағынан тауар жеткізушіге мемлекеттік алымдар негізсіз есептелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Air Liquide" компаниясы Павлодар мұнай өңдеу зауытында сутегі өндірісі бойынша жобалармен айналысады. Бұл компания өндіріс, денсаулық сақтау мен экология салаларына қажет газ өндіру ісі бойынша әлемде көш бастап тұр.

Осындай тағы бір іргелі жобаны Қазақстанда іске асырмақ болған компания жоқ жерден миллиондаған шығынға батудың аз-ақ алдында қалды. Бас прокуратураның мәліметінше, Павлодар облысына жеткізілген тауарды қате классификациялап, инвесторға 99,8 млн теңге көлемінде қосымша құн салығы мен кедендік баж салығын төлеу туралы ескерту жіберген.

"Прокуратураның араласуымен үш күн аралығында бұл ескерту өз күшін жойды. Жіберілген қателік үшін Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғасына қатысты тәртіптік шара қолданылды", - деп хабарлайды Бас прокуратура өкілдері.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш құзырлы орган өкілдері Павлодар облысының білім беру басқармасы мектеп асханаларын жалға алып, балаларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлерге төленуі тиіс сома да қате есептелгенін анықтаған еді. Білім басқармасы бюджеттік өтінімдерді жасау барысында бір реттік мектептегі тамақтану құнының есебіне қосымша құн салығы ставкасын, яғни 12%-ды назарға алмағаны анықталды. Тамақтануды ұйымдастырғаны үшін төлем салықты шегере отырып жүргізілген. Соның салдарынан бір оқушы үшін төленуі тиіс 450 теңгенің орнына 402 теңге аударылып келген. Сөйтіп, қоғамдық тамақтану саласындағы қызметті жүзеге асыратын 33 кәсіпкерлік нысанынан 90 млн теңге негізсіз ұсталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу