Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі (БЭЖ) болған техникалық ақауға қатысты KEGOC компаниясы түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компанияның мәліметінше, сағат 05:02-де Өзбекстан энергетикалық жүйесіндегі 1516 МВт генерациялық қуаттың жоғалуы Орталық Азия энергетикалық жүйесінен қуаттың күрт өсуіне әкелген, нәтижесінде Солтүстік-Оңтүстік электр беру желісінің ажыратылуына себеп болған.
Қазақстан энергетикалық жүйесіндегі тұтынушылардың жүктемесін азайту 962 МВт-ты құраған.
KEGOC компаниясы апаттық басқару жүйелері жобаланғандай жұмыс істегенін хабарлады.
Электр компаниясының дерегінше, сағат 05:43-те Қазақстан БЭЖ-нің Оңтүстік аймағы мен Орталық Азия Бірыңғай энергетикалық жүйесі арасында параллель жұмыс қалпына келтірілген, тұтынушылардың жүктеме шектеулерін алып тастау туралы бұйрық шығарылған.