Кейбір экономикалық құқық бұзушылықтар үшін жаза жеңілдеуі мүмкін

501

Қылмыстық сот ісін жүргізу кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтары қорғалады. 

Кейбір экономикалық құқық бұзушылықтар үшін жаза жеңілдеуі мүмкін Фото: freepik

Мәжілісте экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Парламенттің төменгі палатасы кейбір заңнамалық актілерге экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларына бастамашылық жасады. 

Заң жобаларымен Қылмыстық кодекстің 2 бабы толық қылмыссыздандырады деп күтіліп отыр. Оның бірі – Қылмыстық кодекстің 219-бабы (Кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану). 

"Қылмыссыздандырылудың себебіне келсек, Қылмыстық кодекстің 189 (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) және 190 (алаяқтық) баптары бойынша саралануы мүмкін. Осыған ұқсас әрекет үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 233-бабымен (Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып кредит, қарыз алу не оларды пайдалану, мемлекеттік сыртқы қарыз қаражатының қарыз шартында белгіленген мерзімде игерілмеуі) көзделген", - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Толық қылмыссыздандыруға ұшырайтын келесі бап – Қылмыстық кодекстің 241-бабы (ҚР бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу). Қылмыссыздандырылудың себебі: қылмыстық жауаптылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 239-бабында көзделген әкімшілік жауаптылықтан бірнеше есе жеңілдірек болғандықтан; нормаларды әкімшілік жауапкершілік дәрежесіне ауыстыру арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 239-бабының алтыншы бөлігімен толықтырылғандықтан.

"Ішінара қылмыссыздандыру Қылмыстық кодекстің 234 (Экономикалық контрабанда) және 236 (Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару) баптары бойынша кедендік құқық бұзушылықтарға қатысты болды. Түзетулермен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабында жауапкершілікті көздей отырып, ірі мөлшерде құқық бұзушылық жасаудың саралау белгілерін қылмыстық сипаттан арылта отырып, қылмыстық жауаптылықтың басталу шегін көтеру ұсынылады", - деді мәжілісмен.

Айта кету керек, осыған дейін экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау бойынша заң жобасы әзірленгенін жазған болатынбыз. Қылмыстық кодекстегі екі бапты толық қылмыссыздандыру көзделіп отырғанын да айттық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу