Кейбір өңірлерде қыз алып қашу тыйылмай тұр

314

Жыл басынан некеге тұруға мәжбүрлеу деректері бойынша 31 іс тіркелген. 

Кейбір өңірлерде қыз алып қашу тыйылмай тұр Фото: parlam.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов некеге тұруға мәжбүрлеу мен сталкингке қылмыстық сипат беруге қатысты Мәжіліс депутаттары жолдаған сауалға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс" деп айтқан болатын. Ол қазір көптеген жәбірленуші өз құқықтарын білмейтінін баса айтты.

"2025 жылы 16 қыркүйектен бастап заң күшіне енген күннен бастап Қылмыстық Кодекстің 115-1-бабы (сталкинг) бойынша 15 қылмыстық іс және Қылмыстық Кодекстің 125-1-бабы (некеге тұруға мәжбүрлеу) бойынша 12 қылмыстық іс тіркелді. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдар азаматтардың заңнаманың новеллалары туралы хабардар болуын арттыру, сондай-ақ жаңа қылмыстық-құқықтық нормалардың іс жүзінде қолданылуының алдын алу және қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандырды. Бұл ретте құқық қорғау органдарында қылмыстық және әкімшілік заңнаманың жаңа нормаларын іс жүзінде қолдану мәселелері бойынша жеке құраммен түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі", – делінген жауапта.

Үкімет басшысының айтуынша, жыл басынан бері сталкинг фактілері бойынша 79 қылмыстық іс және некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері бойынша 31 қылмыстық іс тіркелді. 

"Қылмыстық Кодекстің 115-1 бабы бойынша (сталкинг) Шымкент – 23, Астана – 16, Алматы – 8, Павлодар және Қызылорда – 7, Абай және Түркістан – 3, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан – 2, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары – 1. Қылмыстық Кодекстің 125-1 бабы бойынша (некеге тұруға мәжбүрлеу) Шымкент қаласында – 15, Түркістан облысында – 10, Алматы және Қызылорда облыстарына – 2, Алматы қаласында және Жамбыл облысында – 1", – деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу