Кейкі батырдың бас сүйегі алдағы жазда жерленеді

1164

Кейкі батырдың бас сүйегі алдағы жазда жерленеді

1 қарашада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Кейкі батырдың сүйегін жерлеу мәселелері жөнінде кезекті жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Бұл ретте, вице-премьер тұтас бір ұлттың намысын арқалаған ақберен қолбасшы Кейкі батырдың бас сүйегінің елге қайтарылуы елдігіміз бен ерлігімізді паш еткен игілікті іс екенін баса айтты. Иманғали Тасмағамбетов Кейкі батырдың денесін жерлеу рәсімін ұйымдастыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын құру маңызды екенін атады.

"Біз бүгін тағы да бас қосып, қазақтың көзмерген батыры Кейкі батырдың денесі көмілген орынды іздеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру үшін археологтар мен ғылыми қызметкерлер тобын құру мәселесін талқылап отырмыз. Тарихи тұлғаларымыздың атын дәріптеу және олардың мұрасын сақтау еліміздің абырой-беделін арттырып, ұлттық рухымызды өсіреді. Бұл ретте, алда жоспарланған іс-шараларды мұқият пысықтап, осынау тарихи маңызы зор келелі іске бір кісідей жұмыла кірісуіміз керек" - деді Иманғали Тасмағамбетов.

Кейкі батырдың бас сүйегін елге әкелу және оны зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай да бұл шешімді қолдайтындығын атады.

"Бүгінгі шешімді қабылдаған еліміздің көрнекті азаматтары. Бұл шешімге мен толықтай қосыламын. Расында да келер жылы күз айында жерленгені дұрыс болады. Өйткені, оған дейін міндетті түрде көптеген мәселелер атқалылуы тиіс", – деп атап өтті Нұрсан Әлімбай.

Кеңес барысында Иманғали Тасмағамбетов Мәдениет және спорт министрлігіне Қостанай облысының әкімдігімен бірлесіп Кейкі батырдың кесенесін жобалау және одан әрі құрылысын жүргізу үшін қажетті барлық шараларды қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Кеңесті қорытындылай келе, вице-премьер халқымыздың рухы мен мәртебесін көтеру тұрғысында осынау жобаның тарихи маңызына ерекше тоқталып, оны жүзеге асыру үшін құзырлы мекемелер және қоғам өкілдерімен бірлесіп іс-қимыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу