8 сәуір күні Ақсуат ауданында 3 жастағы бала байқатпай үйдің ауласынан шығып кеткен. Таңертең ерте туыстары іздеуді бастап, шамамен сағат 11:00-де полицияға хабарласқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы сәттен бастап барлық күш дереу жұмылдырылды.
Полицейлер даланы, әрбір жерді мұқият тексерді, себебі әр минуттың маңызды екенін түсінді.
Бірнеше сағаттан кейін іздеу барысында атпен жүрген полиция қызметкері айдалада кішкентай баланы байқаған – ол елдімекеннен алыс жерге кетіп қалған.
"Осылайша сағат 14:00 шамасында бала елдімекеннен шамамен 3 шақырым жерден аман-есен табылды. Баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Бұл оқиға үйлесімді әрекеттің, ұсақ-түйекке дейін мән берудің және жедел әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті", – делінген хабарламада.