Келер жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлері онлайн конкурс арқылы бөлінеді

257

Елімізде 1,3 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Келер жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлері онлайн конкурс арқылы бөлінеді Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Қазақстанда пайдаланылмай жатқан, сондай-ақ заңнама талаптары сақталмай игеріліп жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты "Капитал" іскерлік порталына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, биылғы жылдың басынан бері Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді, ол 1 млн гектардан астам аумақты қамтыды.

– Нәтижесінде 1,3 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды. Басты міндет – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарумен шектелмей, оларды кейіннен ауыл шаруашылығы айналымына енгізу. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге, сондай-ақ аграрлық өндірісті дамыту үшін қосымша жер ресурстарын ұсынуға бағытталған, – деді министрлікте.

2026 жылғы қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарды құрады.

– Оның 5,5 млн гектары ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және ортақ пайдаланылатын жайылым тапшылығын шешу мақсатында жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілді. Ал 8 млн гектар жер агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне ауыл шаруашылығы қызметін жүргізу және кеңейту үшін конкурс негізінде ұсынылды, – деп қосты ведомствода.

Сонымен қатар жер заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, жерді адал әрі тиімді пайдаланатын жер пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында да шаралар қабылдануда. Арнайы құрылған жұмыс тобы жер пайдаланушылардың адалдығын бағалаудың бірыңғай өлшемшарттарын белгілеуді, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін нақты реттеуді, сондай-ақ жер учаскелеріне құқықтарды ұзарту рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін әдістемелік ұсынымдарды бекітті.

– Жер қатынастарын жетілдірудегі маңызды кезеңдердің бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру тетігін цифрландыру. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жер учаскелерін бөлу электрондық форматта жүзеге асырылады. Цифрлық платформа арқылы өткізілетін конкурстар рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын барынша азайтады. Сонымен қатар қолданыстағы жер комиссияларының жұмыс тетігінен бас тартуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті АШМ-де.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу