Келер жылдан бастап Ұлытау мемлекеттік техникалық университеті студенттерді қабылдай бастайды

480

Ұлытау облысында 9,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады.   

Келер жылдан бастап Ұлытау мемлекеттік техникалық университеті студенттерді қабылдай бастайды Фото: Facebook

Үкімет отырысында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары мақұлданды. Бұл туралы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Бұл стратегиялық құжат Ұлытау өңірінің қайта түлеп, жаңадан жаңғыруына ерекше серпін береді деп сенемін. Облыстың даму бағдарламасы құтты болсын!", - деп жазды өңір басшысы.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары 9 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды. Оған индустриялық-инновациялық даму, минералдық-шикізат базасын кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік инфрақұрылым және т. б. кіреді.

Облыс әкімдігі бұл құжатқа қосымша ҚР мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген Даму бағдарламасын да әзірледі.

"Жалпы, бес жылдық кезеңдегі инвестициялардың жалпы көлемі 1,8 трлн теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 351 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 147 млрд теңге бөлінеді, жеке инвестициялар 1,3 трлн теңгені құрайды. Ұлытау облысының индустриялық-инновациялық дамуы өнеркәсіптік реагент шығару жөніндегі химия зауытының құрылысын, мұнай өңдеу зауытын, қара мыс концентраттарын өндіру зауытын, Жезқазған мыс балқыту зауытының жаңа күкірт қышқылы цехын және т.б. іске қосуды қамтиды. Жалпы, 3 мың жаңа жұмыс орындарын құрумен 787 млрд теңге сомасына 16 жобаны іске асыру жоспарлануда", - деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, жаңадан құрылған облыста минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер салынып, 9 кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд теңгені құрамақ. Агроөнеркәсіптік кешен саласында 11 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Сала инвестицияларының жалпы көлемі 45 млрд теңгеден асады.

Әлеуметтік салада 47 жаңа нысан бой көтереді. Олардың ішінде Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 мектеп, 4 оқушылар сарайы, 5 балабақша, 10 спорт нысаны және басқалары бар. Бұдан бөлек 27 білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөнделеді.

"Еңбек" футбол клубы жанданып, "Арыстан" балалар хоккей мектебі ашылады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа Ұлытау мемлекеттік техникалық университетіне студенттерді қабылдау жоспарлануда. Халық санының өсуін ескере отырып, Жезқазған қаласында 60 үйді немесе 1800-ге жуық пәтерді қамтитын үш жаңа шағын аудан салынады. Жеке тұрғын үй құрылысына 1 мың учаске бөлінеді. Сондай-ақ, Жезқазған қаласындағы 26 апатты үйді және Сәтбаев қаласындағы 20 апатты үйді жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған іс-шараларға 62 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады", - деді ол.

 

Бұдан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту үшін жылу желілері, сумен жабдықтау және суды бұру желілері салынып, қайта жөнделеді. Құжатта өңірдің газ инфрақұрылымын дамыту жобасы, облыстық автожолдар және қалаішілік, кентішілік жолдар салу, туризм саласын дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу