Енді төлем мерзімі қысқарып, оның ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін жетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін төлем тәртібіне енгізілетін өзгерістерді түсіндірді.
Жаңа төлем жүйесі қалай есептеледі?
Жұмысынан айырылған азаматқа соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 45 пайызы мөлшерінде ақша беріледі. Бірақ төлемнің ең жоғары сомасы жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан аспауы керек.
2027 жылы ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады. Осыған байланысты әлеуметтік төлемнің жоғарғы шегі айына 346 500 теңгеге жетеді.
Дегенмен бұл соманы әр азамат толық көлемде алады деген сөз емес. Нақты төлем көлемі әлеуметтік аударымдар жасалған табысқа және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.
Әлеуметтік төлем қанша уақыт төленеді?
Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік төлем алу мерзімі де өзгереді. Бұған дейін жұмыссыз қалған азаматтар оны 6 айға дейін алса, 2027 жылдан бастап төлем ұзақтығы сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.
Яғни:
- әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін жасалса – 1 ай;
- 12 айдан 24 айға дейін болса – 2 ай;
- 24 ай және одан көп болса – 3 ай.
Бұдан бөлек, келесі әлеуметтік төлемді алу үшін алдыңғы төлем аяқталғаннан кейін кемінде 12 ай өтуі керек.
Жұмыссыз қалған адам алдымен не істеуі керек?
Әлеуметтік төлемді бірден рәсімдеу мүмкін емес. Алдымен азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, мансап орталығына жүгінуге міндетті.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеуші мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге ұзартылды. Осы уақытта мамандар азаматтың еңбек тәжірибесі мен дағдыларын зерттеп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады.
Қажет болса, жұмыс берушілермен сұхбаттасу ұйымдастырылады. Егер осы уақыт ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Содан кейін әлеуметтік төлемге өтініш беруге болады.
Өтінішті eGov.kz, Enbek.kz порталдары, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе мансап орталығы мен ХҚКО-ға барып тапсыруға болады. SMS арқылы проактивті қызметті пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған.
Мемлекеттен берілетін төлемді кімдер алады?
Бұл әлеуметтік қолдау міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға арналған. Яғни жұмыс істеген кезеңде олардың табысынан әлеуметтік аударымдар жасалуы керек.
Жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өтініш беретін азаматтарға қолданылады. Ал осы күнге дейін тағайындалған төлемдер бұрынғы талаптар бойынша белгіленген мерзім аяқталғанша жалғасады.
Сонымен қатар елімізде 2027 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр.
Жаңа талаптарға сәйкес, отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде оның табысы ғана емес, иелігіндегі жылжымайтын мүлік, автокөлік, жер учаскелері және бизнестегі үлесі де ескеріледі. Осы мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға отбасының әл-ауқатын алдын ала есептеуге мүмкіндік беретін арнайы цифрлық калькуляторды іске қосты.