Келер жылы Оман мен Алматы, Нұр-Сұлтан арасында ұшақ қатынайды

1390

Қазақстан мен Оман Сұлтанаты авиациялық биліктері арасында екіжақты келіссөздер өтті. 

Келер жылы Оман мен Алматы, Нұр-Сұлтан арасында ұшақ қатынайды

Омандық SalamAir әуе компаниясы Алматы – Маскат (Оман) және Нұр-Сұлтан – Маскат (Оман) тікелей рейстерін ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлады ИИДМ азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Президенттің халықаралық рейстердің санын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қазақстан мен Оман Сұлтанаты авиациялық биліктері арасында екіжақты келіссөздер өтті. Қазақстандық делегацияны ИИДМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Оман делегациясын көлік және коммуникация министрлігі әуе тасымалдау департаментінің директоры Оман Сәлім әл-Хусейни басқарды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша ұшуға рұқсат беретін құқықтық негіз құрылды, оған сәйкес екі елдің тағайындалған тасымалдаушыларына аптасына 14 жолаушы және 14 тұрақты жүк рейстерін орындау құқығы берілді. Осы негізде келесі жылдың наурыз айында омандық "Salam Air" әуе компаниясы аптасына 7 рейс жиілігімен Алматы – Маскат (Оман астанасы) авиамаршруты бойынша тікелей әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ келесі жылдың күзінен бастап жоғарыда көрсетілген авиакомпания Нұр-Сұлтан – Маскат бағыты бойынша әуе қатынасын ашпақ.

Бұл жұмыс 2019 жылғы 30 қыркүйектен бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасында Оман Сұлтанаты азаматтары үшін 30 күндік визасыз режимді үйлестірумен қатар жүзеге асырылады. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ елімізде енгізілген визасыз режим және жазғы кезеңдегі қолайлы климаттық жағдайлар Оман Сұлтандығы азаматтарының елімізге сапарлауына жол ашпақ.

Сонымен қатар Оман тарабы Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізу мәселесін қарастырмақ. Алғашқы қадам ретінде Оман тарабы Қазақстан азаматтарына электрондық виза алу мүмкіндігін беруді жоспарлап отыр, ал жуық арада қазақстандықтар Оман әуежайлары мен басқа да шекара пункттерінде (АҚШ және басқа дамыған батыс елдерінің азаматтары ретінде) виза алу мүмкіндігіне ие болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу