Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Түркістан" газетіне берген сұхбатында мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтіп, 2035 жылға қарай әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға, ал ет импорты 27 миллион тоннаға дейін артатынын мәлімдеген болатын, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осы орайда Президент Қазақстанның, әсіресе Азия нарығына сапалы ет экспорттайтын ірі елге айналуына толық әлеуеті бар екенін атап өтті.
Аталған тапсырма аясында Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағында 20 мың басқа арналған заманауи ірі мал бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Жоба жеке инвестордың бастамасымен жүзеге аспақ. Кәсіпкер 20 гектар жерге 8 млрд теңге инвестиция құйып, заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салуды көздейді. Жобада қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, жағымсыз иіс пен қалдықтардың таралуын болдырмайтын экологиялық қауіпсіз шешімдер қарастырылған.
Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы да назардан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жоспарланған нысан аумағында болып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын түсіндіріп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауап берді.
Кездесу кезінде тұрғындар ауылішілік инфрақұрылымды жаңарту, мектеп пен мәдениет үйін салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі:
– Ауылда кәсіпкерлік дамыса, салық түсімі артады. Салық көлемінің өсуі – ауыл бюджетінің ұлғаюына тікелей әсер етеді. Соның нәтижесінде жол салынып, мектеп пен мәдениет нысандары бой көтереді. Сондықтан біз кәсіпкерлікті қолдауға мүдделіміз. Мұндай жобалар ауылдың дамуына нақты серпін береді, – деп атап өтті.
Сондай-ақ жайылымдық жерлер мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі жайылымдық жерлер кәсіпкерге берілмейтінін, тек жобаның бастапқы кезеңінде 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылатынын түсіндірді. Сонымен қатар кәсіп бастауды көздеген жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетіні айтылды.
Инвестор өз кезегінде бордақылау алаңының санитарлық-қорғау аймағы, экологиялық қауіпсіздігі, қалдықтарды өңдеу жүйесі және иіс шығармайтын заманауи технологиялардың қолданылуы жөнінде толық ақпарат берді. Жоба іске асқан жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Жалпы, бұл инвестициялық жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға, аудан экономикасын нығайтуға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.