2024 жылы ұлттық жоба өз экваторынан асты. Мәулен Айманбетов бастаған Samruk-Kazyna Construction командасының жетекшілігімен жүзеге асқан ауқымды құрылыс нәтижесінде 104 жаңа форматтағы мектеп пайдалануға берілді.
Бұл – тек төрт қабырға мен шатыр емес. Бұл – бала арманына бастар жол. Мұнда кең әрі жарық сыныптар, заманауи зертханалар, әдемі кітапханалар мен жайлы спорт залдары, қауіпсіз ойын алаңдары бар. Мұндай мектеп баланың білімге құштарлығын оятады, еселейді. Себебі бұл армандайтын ғана емес, сол армандар орындалатын орта.
Келешек мектептері – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ұлттық ауқымдағы жоба. Оның басты мақсаты – апатты жағдайдағы мектептердің, үш ауысымда оқытудың және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу.
Білім ошақтарының артында мыңдаған адам бар. Қаланған әр кірпіш, орнатылған әр парта – адал еңбек пен маңызды шешімдердің нәтижесі. Құрылыс қиындықпен қатар жүреді. Ұлттық жоба аясында да түйткілді мәселелер аз болған жоқ.
Алайда табандылық пен сенімнің арқасында барлық кедергі артта қалды. Келешек мектептерін салған жандар – жай ғана құрылысшылар емес, ел болашағын ойлайтын нағыз патриоттар.
Әр қабырға – маңдай тердің "куәгері". Қағылған әр шеге – тарих. Қақаған аяз бен боранда да, шілденің ыстығында да жұмыс тоқтаған жоқ. Себебі мақсат – есеп беру емес, елдің ертеңін қалыптастыру болды.
Келешек мектептері – жай ғана құрылыс емес, ел үшін маңызы зор өзгерістердің бастауы, болашаққа жасалған нық қадам.
Білім – ұлттың іргетасы. Ал келешек мектеп – сол іргетасты мығым ететін берік негіз.