"Келісін 80 теңгеден сатудың өзі қиын": Депутат сәбіз экспортына шектеу қою туралы ұсынысты сынға алды

251

Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының мәліметінше, қоймалар толы, өнім тапшылығы жоқ.    

"Келісін 80 теңгеден сатудың өзі қиын": Депутат сәбіз экспортына шектеу қою туралы ұсынысты сынға алды Фото: mg.kz

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын реттеу жөнінде мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сәбізді экспорттауға жаңа шектеу енгізу туралы ұсыныс фермерлер мен кәсіпкерлер арасында наразылық тудырғанын жеткізді.

"Бизнес өкілдері Үкімет бұл шара арқылы нақты қандай стратегиялық мақсатты көздейтінін түсіне алмай отыр. Тәжірибе көрсеткендей, экспортқа тыйым салу бағаның төмендеуіне әкелмейді, керісінше өсім жалғаса береді. Бұл жерде негізгі ауыртпалық өндірушілерге түседі. Ал делдалдар мен логистикалық тізбектің басқа қатысушылары бұл шектеуден зардап шекпейді. Себебі тауардың бағасы дүкен сөресіне жеткенше бірнеше есеге қымбаттайтыны белгілі. Сарапшылар бағаны тек экспортты шектеу арқылы тұрақтандыруды тиімсіз деп есептейді", – деді мәжілісмен.

Темір Қырықбаевтың айтуынша, бизнес қауымдастығы да өз ұстанымын ашық білдіріп отыр.

"Егер мемлекет ішкі нарыққа қажетті өнім көлемін нақты айқындаса, фермерлер оны қамтамасыз етуге дайын. Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының мәліметінше, қоймалар толы, сәбіз бен картоп тапшылығы жоқ. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өнім тапшылығы жөніндегі деректердің объективтілігіне күмән туындайды. Бұл мемлекет пен өндірушілер арасында жүйелі диалогтың жоқ екенін көрсетеді. Мәселен, Павлодар облысында ғана фермерлердің қолында 120 мың тоннадан астам сәбіз қоры бар. Қазіргі жағдайда оны келісі 80 теңгеден сатудың өзі қиын. Себебі сұраныс төмен", – деп атап өтті депутат.

Депутат сәбіз ұзақ сақталмайтын өнім екенін еске салды. Сондықтан экспортқа уақытша шектеу қолда бар өнімді өткізу мүмкіндігін одан әрі тарылтады деген пікірде. 

Оның сөзінше, мұндай саясат ұзақ мерзімде фермерлердің өндірісті дамытуға деген ынтасын төмендетіп, елдің шетелдік өнімге тәуелді болу қаупін арттырады.

"Осыған байланысты Үкіметтен келесі мәселелерге жауап беруін сұраймын. Экспортқа шектеу енгізу туралы ұсыныс қандай экономикалық және статистикалық есептеулерге негізделді? Ішкі нарық қажеттілігі мен қолда бар қорлар бойынша қандай деректер пайдаланылды және олардың дұрыстығына қай орган жауапты? Баға өсімі сақталған жағдайда экспортты әкімшілік жолмен шектеудің орнына сауда үстемесін реттеу, логистиканы оңтайландыру және тұрақтандыру сатып алуы сияқты жүйелі тетікті қолдану мүмкіндігі қарастырылды ма, оның нәтижесі қандай? Ішкі нарықты кепілдендірілген көлемде өніммен қамтамасыз етіп, артық өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беретін нақты әрі түсінікті модель әзірлеу жоспарланып отыр ма?", – деді Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу