Кеңестік наградалар үшін қазақстандық аналар жәрдемақы ала ма

202

Енді бұл мәселе сот отырысында қаралмақ.

Кеңестік наградалар үшін қазақстандық аналар жәрдемақы ала ма Фото: Конституциялық Сот

Қазақстандық әйел Кеңес Одағы кезінде көпбалалы аналарға берілген наградаларды Қазақстанның мемлекеттік марапаттарымен теңестіруді сұрап, Конституциялық сотқа жүгінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өтініш иесі Әлеуметтік кодекстегі көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау тәртібіне қатысты нормалардың Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған.

Әйелдің пікірінше, Кеңес Одағы кезінде бала туып, тәрбиелегені үшін берілген наградалар да Қазақстанның мемлекеттік марапаттарымен тең дәрежеде есепке алынуы керек. Атап айтқанда, ол "Ана даңқы" орденінің III дәрежесі мен "Ана медалінің" I дәрежесі "Күміс алқа" төсбелгісімен теңестірілуі тиіс деп санайды.

Оның пайымдауынша, марапаттау талаптары ұқсас болғанына қарамастан, кеңестік наградалардың кейбірі әлеуметтік төлем тағайындау кезінде ескерілмейді. Бұл азаматтардың теңдік қағидатын бұзады.

Іс материалдарына сәйкес, әйел Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1971 жылғы 26 сәуірдегі және 1975 жылғы 30 қазандағы жарлықтарымен марапатталған. Ол 5 бала тәрбиелегені үшін "Ана медалінің" II дәрежесін, ал 6 бала өсіргені үшін I дәрежесін алған.

Осыған байланысты ол I дәрежелі "Ана медалін" "Күміс алқаға" теңестіруді, тиісті жәрдемақы тағайындауды және моральдық зиянды өтеуді талап еткен. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның өтінішін қанағаттандырмаған.

Конституциялық сот отырысына Құрылтай, Бас прокуратура, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Әділет министрлігі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық және бірқатар ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қатысқан.

Конституциялық соттың түпкілікті шешімі істі қарау аяқталғаннан кейін жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу