Кентау қаласының құрамынан 12 ауылдық округ шығарылады

1045

Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарды Сауран ауданының құрылуымен құттықтады.  

 Кентау қаласының құрамынан 12 ауылдық округ шығарылады

Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарды тарихи оқиғамен құттықтады. Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады, деп хабарлайды inbusiness.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет Басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан облысында жаңа Сауран ауданы құрылды. Әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Оған Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері кіретін болады. Сондықтан бүгін тарихи күн. Біз осыған байланысты тез арада барлық шараларды жүзеге асыруымыз керек",– деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Жаңа Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтеді.

Ұлт руханиятында киелі ұғымға айналған "Сауран" атауының Түркістан облысында құрылған жаңа ауданға берілуі негізді. Ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен тығыз байланысты. Сауран – XII ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. XIII ғасырдың орта шеніде Сауран – Ақ Орданың астанасы болған. Шорнақ ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік – батысқа қарай 20 шақырым жере орналасқан. Бүгінде мұнда 12 мың халық тұрады. Жаңадан құрылатын аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады. Кентау қаласында орналасқан 12 ауылдық округтерінен құралатын жаңа аудан, Шорнақ ауылын әкімшілік орталығымен жалпы көлемі 650 мың гектар жерде орналасқан.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу