Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Кентау қаласына барып, "Тұран" арнайы экономикалық аймағында орналасқан "TURAN SHENHUA" ЖШС зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кәсіпорын газ қазандықтарын өндірумен айналысады. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 30 мың дана. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайды. Бүгінде мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 250–300 мың теңге шамасында.
Өндірілген өнімдер ішкі нарықпен қатар Орта Азия елдеріне экспортталады.
Кәсіпорынды аралау барысында облыс әкімі өңір экономикасын дамыту, инвестиция тарту және экспорт көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2026–2029 жылдары жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 122 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.