Бұл рейс теміржол туризмін дамыту аясында ұйымдастырылған 18-ші туристік пойыз болды. Жоба іске қосылғаннан бері бүгінгі күнге дейін туристік пойыздармен 2300-ден астам жолаушы, оның ішінде түрлі елдерден келген туристер саяхаттады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Туристік пойыздар Қазақстанды Өзбекстан, Тәжікстан және Қытаймен байланыстыратын халықаралық бағыттар бойынша қатынады. Туристік пойыздардың басым бөлігі Қазақстан мен Өзбекстан арасында ұйымдастырылып, сапар бағдарламасына Алматы, Түркістан, Самарқанд, Бұхара және Ташкент қалалары кірді. Қытайдан келетін туристер ағынын дамытуға бағытталған Сиань – Алматы бағыты да жеке туристік маршрут ретінде іске қосылды", – деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Сондай-ақ, жоба аясында "Jibek Joly" халықаралық туристік пойызы бірден үш мемлекетті – Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды байланыстырды. Оның бағыты Алматы, Түркістан, Самарқанд, Бұхара, Душанбе және Ташкент қалалары арқылы өтті.
Бүгінде туристік пойыздар Орталық Азия бойынша саяхаттаудың жеке бір форматына айналып келеді. Олардың жолаушылары қатарында Қазақстан тұрғындарымен бірге өңірдің тарихымен, мәдениетімен, ұлттық дәстүрлерімен және көрікті жерлерімен танысуға қызығушылық танытқан шетелдік туристер де бар.
Мұндай формат бір сапар аясында бірнеше қала мен елді аралауға мүмкіндік береді. Теміржол саяхаты экскурсиялық бағдарламалармен, тарихи-мәдени нысандарды аралаумен және ұйымдастырылған трансферлермен ұштасады.
Ұлттық тасымалдаушы серіктестерімен бірлесіп, теміржол туризмін дамыту және бағыттар географиясын кеңейту жұмыстарын жалғастырады.
Биыл қазан айында халықаралық теміржол саяхаттары сериясын жалғастыратын келесі "Keruen Express" туристік пойызын ұйымдастыру жоспарланып отыр.