"Керуен-сарай" кешені аумағындағы ағаштар қурап жатыр

1743

Түркістандағы "Керуен Сарай" туристік кешені тағы да жағымсыз жағынан назарға алынды.  

"Керуен-сарай" кешені аумағындағы ағаштар қурап жатыр

Бұған дейін халық арасына "Қазақстандық Венеция" аталып кеткен кешен құрылысына пенопласт пайдаланылды деген ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қоғам белсендісі, блогер Шыңғыс Лепсібаев Facebook желісіндегі парақшасына "Керуен Сарай" кешеніне қатысты сын жазған. 

Блогердің жазбасына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі пікір білдірген. 

Облыс басшысы "блогер жоқ жерден "хайп" шығарып отыр", – дегенді алға тартып: "Кей кездері осы блогерлердің жазатындарына қатты таңқаламын. Олар кішкентай бала секілді, мәселенің байыбына бармай жатып елді сынауға шебер. Десек те мұнымен олар өздерінің білімінің таяз екенін көрсетеді. Мен осы жерге күн сайын келетінмін. Кешен темір-бетоннан, арматурадан салынған. Мұнда жер сілкінісі қауіпі төмен болғанына қарамастан, құрылыс материалдары жеткілікті мөлшерде пайдаланылды. Қабырғаларды жабдықтауға әртүрлі материалдар қолданылады. Блогердің пенопласты көріп, бүкіл кешен осыдан тұрғызылған деуі – оның құрылыс саласынан хабар жоқ екенін көрсетеді", – деген. 

Бұл жолы жұрт "Керуен-сарай" кешені аумағындағы ағаштардың қурап жатқаны жайлы дабыл қақты. 

Түркістандық Бағдат Шалқаров тасымалдау кезінде ағаштардың тамыры зақымданған болуы керек деген болжам жасады. Ал "Керуен-сарай" кешенінің қызметкері Дана Нұғманова алғашқы 3 айда ағаштардың жағдайы жақсы болғанын айтты. Өз кезегінде әкімдік өкілдері ағаштардың қурауына шілденің шіліңгірі себеп болып отырғанын жеткізді. 

Белгілі болғандай, алдағы уақытта "Керуен-сарай" кешені аумағына Түркиядан көшет әкелінеді. Ол жергілікті ауа райына төзімді болады.

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу