Алматыда ІІМ академиясының курсанты кәмелетке толмаған қызға күш көрсетті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы жәбірленушінің әпкесі әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, қыздың бұрынғы жігіті кездесуге шақырып, оны өз көлігінде ұрып-соққан.
Алматы қаласының полиция департаменті бұл дерекке қатысты түсініктеме берді. Полиция мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты тергеу жүргізілген. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар қыз және өзге де тұлғалар толықтай сұралған. Алайда жәбірленуші ата-анасымен бірге арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан.
"Тексеру нәтижесінде қыздың денесінде көрінетін жарақат белгілері анықталған жоқ. Осы жағдайларды ескере отырып, сондай-ақ қадағалаушы органның келісімімен, қылмыстық іс жүргізуді заңда белгіленген тәртіппен қысқарту туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады департаменттен.
Алайда полиция ҚР ІІМ Алматы академиясының тәртіптік комиссиясының шешімімен оқиғаға қатысы бар курсант оқу орнынан шығарылғанын мәлімдеді.