ҚХР мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттық 30 миллиард долларға жетті

1148

ҚХР мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттық 30 миллиард долларға жетті

Биыл Қытай Халық Республикасының Орталық Азия мемлекеттерімен дипломатиялық байланыс орнатқанынан 25 жыл. Осыған орай Бейжіңде салтанатты қабылдау шарасы өтті, деп хабарлайды 24Хабар.

Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елшілігінің қызметкерлері мен ұлттық компания өкілдері қатысты. Ресми Бейжің ширек ғасыр ішінде тарихи көршілері Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен бейбіт түрде шекараны шегендеп, сенімді әріптестіктің негізін қалады.Осы жылдар аралығында Қытай мен Орталық Азиядағы 5 елдің сауда-саттық айналымы 30 миллиард долларға жеткен.

Демек, 25 жылда тауар айналымы 60 есе өсті. "Қазақстан-Қытай" мұнай құбыры салынды. "Қытай – Орталық Азия" газқұбыры арқылы алып көршімізге 90 миллиард тонна мұнай, 170 миллиард текше метр көгілдір отын тасымалданады. Сарапшылар 2017 жыл да Қазақстан мен Қытай үшін табысты болатынына сенімді. Өйткені Астанада мемлекет басшыларының қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті және ЭКСПО халықаралық көрмесі ашылады. Сонымен қатар, биыл Қазақстанда Қытай туризмі жылы басталды.

"Қытай өзге көршілерімен салыстырғанда Орталық Азия елдерінің барлығымен достық қарым-қатынас орнатты. Мәселен, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен әріптестік дәл осындай жоғары деңгейде емес. Біз Қазақстан және басқа да елдермен стратегиялық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Қазақстан мен Қытай көрші мемлекеттер арасында бірінші болып шекара мәселесін шешті. Мемлекет басшыларының арасындағы жиі кездесу өзара қарым-қатыныстың жоғары деңгейін көрсетеді", – деп атап өтті Қытай қазіргі халықаралық қатынастар академиясы, ОА бөлімінің меңгерушісі Дин Сияосин.

"Қытай үшін Қазақстанның орны әрқашан ерекше. 2013 жылы біздің Төраға Си Цзиньпин Ұлы Жібек жолын жандандыру туралы идеясын Қазақстанда жариялады. Ал қазақ тарапы бұл бастаманы бірден қолдады. Қытай Орталық Азия елдеріне инвестиция құйып жатқан негізгі ел болса, бізді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған осы аймақтың маңызы зор", – деді Ресейді зерттеу орталығы директорының орынбасары Ван Сяньцзюй.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу