Кибералаяқтықты ашу көрсеткіші 29%-ға өсті – Бас прокуратура

119

Дропперлік схемаларды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. 

Кибералаяқтықты ашу көрсеткіші 29%-ға өсті – Бас прокуратура Фото: Бас прокуратура

Кибералаяқтықтарды ашу көрсеткіші 29%-ға өсті (36,5%-дан 66%-ға дейін), келтірілген залалды өтеу деңгейі 57%-ды құрады (3,4 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі өтелді). Бұл мәліметтер Бас прокуратурада интернет-алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен ведомствоаралық кеңесте айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Айта кетейік, жиынға Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылары қатысты.

Жұмыс қорытындылары шығарылып, жедел-тергеу қызметінің тиімділігін арттыру шаралары талқыланды.

Биылғы 2 айда интернет-алаяқтықтар саны 8,3%-ға төмендегені байқалады (4 385-тен 4 023-ке дейін).

Қылмыстық жауапқа 913 құқық бұзушы тартылды.

Дропперлік үшін жауапкершілік енгізілген сәттен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы (Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру) бойынша 400-ден астам іс тіркеліп, оның 66-сы сотқа жолданды.

Сонымен қатар, алаяқтар пайдаланатын SIM-карталар мен WhatsApp аккаунттарын белсендендірушілердің қызметі тоқтатылып жатыр.

Мәселен, биылғы ақпан айында Батыс Қазақстан облысында алаяқтарға көмектескен адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз атына мыңнан астам SIM-картаны рәсімдеп, оларды қылмыстық мақсатта пайдалану үшін алаяқтарға берген.

Сондай-ақ "сұр провайдерлерге" ерекше назар аударылып отыр, олар алаяқтарды виртуалды байланыспен қамтамасыз етеді.

Мысалы, осы жылдың қаңтар айында Қостанай облысында жалған байланыс операторының технигі шетелдік алаяқтық колл-орталықтарға IP-телефония қызметін көрсеткені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Жалпы, бүгінгі таңда жұмыстың негізгі қағидаты – тек орындаушылар мен ұйымдастырушыларға ғана емес, сонымен қатар киберорта мен қылмыс жасауға жағдай жасайтын факторларға да ықпал ету болып табылады, – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу