Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин киік етіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер "Сойылған жануар атып алынды ма, қандай жолмен ауланды деген мәселені министрлік қадағалайсыздар ма? Еттерді сатуға қатысты ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізіле ме?" деп сұрады.
"Бүгінгі таңда бізде 15 ет комбинаты киік етін өңдеумен айналысады. Ауланған киіктің барлығы да міндетті түрде бауыздалады. Содан кейін міндетті түрде ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтеді. Сараптамадан өтпесе, бұл ет сатуға жіберілмейді. Сол үшін тиісті инспекторлар бар", – деді вице-министр.
Аманғали Бердалиннің сөзінше, ветеринария бойынша ғылыми референттік орталық бар.
"Жылдың басынан бастап киіктің, басқа жануарлардың жүрген жерлерінің барлығын зерттеп қарайды. Сынама алынады. Бұл жерде мықты қадағалау бар. Киіктердің сойылуына, оның сатылуына ешқандай күмән жоқ. Қорықпай алуға болады", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Бұдан бөлек журналистер "Киік еті супермаркеттерде сатылуы мүмкін бе?" деп нақтылады. Спикер осындай жоспар бар екенін айтты.
Айта кету керек, бұған дейін Атырауда киік еті сатыла бастағанын жазғанбыз.