Киік мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылады – министр

949

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев киіктердің көші-қоны мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Киік мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылады – министр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ведомство басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Ол ғалымдар, экологтар және жерлікті тұрғындармен кездесіп, киіктердің көші-қоны мәселесін талқыға салды.

Мағзұм Мырзағалиев аталған проблемаға бір жақты қарауға болмайтынын, арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.

"Президент тапсырмасы бойынша сіздерге арнайы келдім. Жанымда ғалымдар да бар. Тиімді шешім қабылдау үшін экология, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктері мен халықаралық ұйымдар, институттармен бірлесіп, жұмыс тобын құрдық. Қысқа мерзімде зерттеу жұмысын бітіруге тырысамыз", - деді министр.

Министр киіктердің көші-қоны мәселесін қалай шешуге болатынын айтты.

"Біріншіден, жалпы ауданы 343040,1 га "Бөкейорда" мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314505,1 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру. Ол бойынша барлық негіздеме дайын. Резерват құру арқылы жаңа жұмыс орындары да ашылады. Екіншіден, осы резерватта геологтармен бірлесіп, су көздерін анықтап, киіктерге жасанды суат дайындау. Бұл халыққа да пайдалы.

Үшіншіден, киіктердің Орал популяциясының бір бөлігін Жайықтың оң жағалауына өткізу мәселесін қарастырамыз", - деді ведомство басшысы.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев жұмыс тобына жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдері кіретінін, барлық жұмыс ашық жүргізілетінін атап өтті.

Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачевтің пікірінше, шешім қабылдамас бұрын мәселені егжей-тегжейлі зерделеу керек.

"Мемлекет киіктердің санын қалпына келтіру үшін айтарлықтай ресурс жұмсады. Қазір олар қалпына келіп жатыр. Сондықтан оларды атуға рұқсат беруге болмайды", - деді ғалым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу