Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейтілді. Жаңартылған тізімге төрт жаңа тауар тобы енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың қатарында сыра өнімдері, мотор майлары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және киік дериваттары (мүйізі) бар. Цифрлық таңбалау дегеніміз әрбір өнім бірлігіне Data Matrix бірегей кодын енгізу процесі. Бұл код тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркеліп, өнімнің өндірілген немесе импортталған сәтінен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді.
"Тауарлар тізбесінің кеңеюі олардың айналымын бақылау деңгейін арттырып, көлеңкелі сауда мен контрафактілік өнім көлемін азайтады. Жаңа талаптарды енгізу заңды бизнестің тұрақты дамуына, экономиканың нығаюына және тұтынушылардың құқығының қорғалуына ықпал етеді", – деді Сауда және интеграция вице-министрі Асет Нусупов.
2025 жылдың 1 желтоқсаннан бастап киік дериваттарын (мүйіздерін) міндетті таңбалау күшіне енеді. Заманауи сәйкестендіру құралдарын қолдана отырып енгізілетін бұл жүйе дериваттардың шығу тегін нақты анықтауға, олардың заңсыз айналымына жол бермеуге және заңды қорларын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Осы арқылы мемлекет браконьерліктің деңгейін төмендетуді көздейді.
Сыра өнімдері мен мотор майларын міндетті таңбалау 2026 жылдың 1 ақпаннан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау да бірнеше кезең бойынша енгізіледі, оның алғашқы кезеңі 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталады.
Қазіргі таңда темекі өнімдері, аяқ киім және дәрілік заттарға міндетті таңбалау қолданылады.