Киіктерді атуға рұқсат берілмек

674

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты, деп жазды inbusiness.kz

Киіктерді атуға рұқсат берілмек

"Киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін. Егер біздің ғалымдар киік санын реттеуге рұқсат беретін болса, қазір жұмыс тобымен бүкіл сұрақтарды қарастырып жатырмыз", – деді министр. 

Спикердің сөзінше ғалымдар киік санын реттеу қажет деген ұсыныс айтқан көрінеді.

"Батыс Қазақстан облысында киіктер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егістіктеріне кіріп кетіп жатыр. Тіпті мәселе мұнда ғана емес. Ғалымдарымыздың киік санын реттеу қажет деген ұсынысы бар. Бұл популяцияның өзін қорғау үшін де қажет. Қазір баспасөзді де жіті оқып отырмыз. Онда бізді Қызыл кітапқа енген киіктерді атуға рұқсат беріп, аңшылық шаруашылықтардың мүддесін қорғап отыр деп жатыр", – деген министр киік Қызыл кітапқа енгізілмегенін айтады. 

2016 жылдан бастап елімізде 110 мың киік болды. Бүгінгі таңда олардың саны 1 млн 318 мыңға жеткен. 

"Біз популяцияны сақтап қалдық. Қолдан келгеннің бәрін жасадық. Енді бұл популяцияны реттейтін уақыт келді", – деді Серікқали Брекешев. 

Министрдің айтуынша киік санын реттеуге нақты лимит белгіленеді. Бұл реттеудің ішінде осы жануарларды ату да бар. 

"Бұл шешім тек биологиялық ғылыми негіздемеде қабылданады. Лимит қатаң түрде анықталады. Қазір жұмыс тобы құрылды, бұл мәселе жұмыс тобында қарастырылып жатыр. Жұмыс тобына барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, Бас прокуратураның, ІІМ өкілдері кіреді. Біз браконьерлікті заңдастыруға жол бермеу үшін барлық жұмысты жасап жатырмыз", – деді ведомство басшысы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу