Аққулы ауданында жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ұлттық құндылықтарға негізделген киіз үй лагерьлері жұмыс істеуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл бұл жоба аясында 1000-нан астам оқушы қамтылып отыр. Лагерьлердің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, салт-дәстүрді дәріптеу және рухани құндылықтарды насихаттау.
Бағдарлама барысында оқушылар ұлттық ойындарға қатысып, қолөнер, халық ауыз әдебиеті, шешендік өнер және қазақтың әдет-ғұрыптары бойынша танымдық сабақтар мен шеберлік сағаттарын өтуде. Сондай-ақ киіз үйдің құрылысы мен оның қазақ тұрмысындағы маңызы түсіндірілуде.
Сонымен қатар спорттық жарыстар, зияткерлік сайыстар мен шығармашылық іс-шаралар өткізіліп, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, киіз үй лагерьлері ұлттық тәрбиені нығайтып, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыруға ықпал етуде.