Өскеменде жәбірленген қыздың туысы пікір білдірді

559

Соққыға жығылған қыздың жағдайы әлі тұрақталмапты. 

Өскеменде жәбірленген қыздың туысы пікір білдірді Фото: Мерей Қайнарұлы

Өскемендегі соққыға жығылған қыздың туысқаны жанжалдың неден басталғанын айтып, қосымша тың ақпараттарымен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айының басында Өскемендегі сауда орталықтарының бірінің әжетханасында мектеп оқитын қызды құрдастары соққыға жығып, шешінуге мәжбүрлеген болатын.

Әлеуметтік желідегі қыздардың қатігездігін көргеннен кейін желі қолданушылар арасында жазылған пікірде шек жоқ. Бірі ата-ананы кінәлап жатса, енді бірі мектептегі бақылаудың кемшіл тұстарын жіпке тізгендей қылып айтып жатыр. Тіпті жәбірленген қыз туралы да жалған ақпараттар тарай бастады. Жуықта соққыға жығылған оқушының туысқаны ел арасында тараған кейбір пікірлердің шындыққа жанаспайтындығын айтты.

Жәбірленушінің туысқаны Тоғжан Досумованың айтуынша, тәртіп сақшыларына болған оқиғаны колледж басшылығы алғаш хабарлады деген мәлімет - жалған. Ал жанжалдың барлығы жігіт үшін басталған.

- Облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева айтқандай, кикілжің жігіт үшін болса да, туысым бұлай қорланбауы керек. Сіңлімді соққан үш қыздың бірі Telegram арқылы сөйлесу алаңын ашқан. Ол жерде Өскемен жастарының барлығы отырады. Шатақ сол жерде басталды. Мұнда ұрып-соғу ғана емес, ұрлық, ақша талап ету жағдайлары бар, - дейді Тоғжан Досумова. 

Тоғжан Досумованың айтуынша, сіңлісінің жағдайы әлі тұрақталмапты. Арыз түсірген соң ауруханаға жатқызылып, сол жерде екі апта ем алған.

- Біріншіден, Білім басқармасы мен колледж тарапынан оқиға болғаннан кейін ешқандай шара қолданылған жоқ. 3 наурыздан бері тыныштық. Видео тараған соң министрлікке байланысқа шығып, атқарылып жатқан жұмыстың тым сылбыр екенін айттым. Тым құрығанда сол видеоның барлық жерден өшірілуін қадағалауды сұрадым. Колледж директоры психологтар көмек беріп жатқанын айтыпты. Одан қалса, сіңлімді арнайы көлікпен сабаққа апарып, әкеліп жүр депті. Бұл да шындыққа жанаспайды. Сонда облыстық Білім басқармасы жағдайдан толық хабардар болмаса, неліктен жалған ақпарат таратады? - деді Тоғжан Досумова.

Осылайша Тоғжан Досумова аталған жағдайға қатысты Білім басқармасы мен Полиция департаменті бірлесіп өткізген брифинг барысында айтқан ақпараттарының жалған екенін айтып отыр.

Осыған дейін мектептегі ұлдар арасындағы төбелесті жиі естіп келсек те, қаракөз қыздарымыздың да шаш жұлысқан қатігездігіне көзіміз үйрене бастағандай. Жуықта Абай облысының оқушы қыздары да құрбыларын соққының астына алып жатқан видеосы тарады.

- Оқиға ағымдағы жылдың 10 сәуірде Семей қаласында болған. Осы  факт бойынша ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жанжалдың барлық қатысушылары анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта ата-аналардың, психологтардың қатысуымен тергеу шаралары жүргізілуде, - дейді Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Хасенқызы.

Айта кетейік, екі облыстағы қыздар арасындағы жанжалдың қоғамда үлкен талқыға түсіп жатқаны белгілі. Тіпті құзырлы органдардың қандай шешім шығаратынына дейін назарларында ұстап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу