Кинотеатрлар ұлттық фильмдерге емес, жеңіл ойын-сауық картиналарына басымдық беріп отыр

241

Мемлекет ұлттық фильмдердің көрсетілімдерін субсидияламайды. 

Кинотеатрлар ұлттық фильмдерге емес, жеңіл ойын-сауық картиналарына басымдық беріп отыр Фото: freepik

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кинотеатрлардың қызметіне қатысты Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Вице-премьердің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 404 кинозалы бар 100-ге жуық кинотеатр жұмыс істейді, ал қажеттілік 2000 залға бағаланады. 

"Кинотеатрлардың басым көпшілігі ірі қалаларда орналасқан, өңірлерде, шағын қалалар мен ауылдарда жоқ. Соңғы 5 жылда отандық фильмдерге деген жоғары сұранысқа қарамастан залдар саны өскен жоқ. Жылына еліміздің кинотеатрларында 400-ге жуық фильм көрсетіледі, оның ішінде қазақстандық кино: 2021 жылы – 31, 2022 жылы – 60, 2023 жылы – 79, 2024 жылы – 94, 2025 жылы – 103. Салыстыратын болсақ, 68 миллион халқы бар Францияда шамамен 7000 кинотеатр жұмыс істейді, бұл дегеніміз 10 мың тұрғынға 1 зал барабар. Құрылысты мемлекеттік қолдаудың арқасында осындай деңгейге қол жеткізілген", – делінген жауапта.

Аида Балаеваның айтуынша, кинотеатрлар табыс әкелетін жеңіл ойын-сауық картиналарынан басқа ұлттық фильмдерді көрсетуге қызығушылық танытпайды. 

"Мемлекет кинотеатрларға қолдау көрсетпейді және ұлттық фильмдердің көрсетілімдерін субсидияламайды. Кинотеатрлардың заңнамалық деңгейде мемлекеттік қолдау есебінен өндірілген фильмдерді көрсету міндеті туралы норманы енгізу реттеушілік әсерге талдау жүргізуді талап етеді, себебі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайды. 2019 жылы "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасының Заңын әзірлеу және 2022 жылы өзгерістер енгізу кезінде осындай норманы енгізу жоспарланды, бірақ реттеушілік әсерді талдаудың оң қорытындысы алынбады", – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Мәдениет және ақпарат министрі залдар санын ұлғайту және жаңа кинотеатрлар салу тұрғысынан елімізде одан әрі кино өнерін дамыту мәселесін қарастыру қажет деген пікірде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу