Кіріс жоспары 13 млрд теңгеге асыра орындалды

750

Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев соңғы 10 айдағы мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы есеп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Кіріс жоспары 13 млрд теңгеге асыра орындалды

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік бюджетке 8 трлн 719 млрд теңге кіріс кірді. Ал республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге түсті.

"Жалпы кіріс жоспары 13 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салық кірісі – 24 млрд теңгені құрады. Салықтық емес түсімдер 14 млрд теңгеге  атқарылмады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі көзі корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі болды. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына 666 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемнің 66,5%-ға ұлғаюы әсер етті. Ал пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспарды асыра орындауға 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы 10 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа есеппен 28%-ға өсуі негіз болды", – деді министр.

Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуына мұнай бағасының орташа есеппен 44,6%-ға өсуі әсер етті.

"Ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы және импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмады. Ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы 10 айда қосылған құн салығын қайтару көлемінің 173 млрд теңгеге немесе 32%-ға ұлғаюына байланысты болды. Импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауына соңғы 9 айда үшінші елдерден импорт көлемінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға немесе 1,7 млрд. долларға төмендеуі әсер етті", – деді министр.

Оның айтуынша, жергілікті бюджет кірісі 108,1%-ға атқарылып, 3,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 231 млрд теңгеге, оның ішінде салық бойынша – 177 млрд теңгеге асыра орындалды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу