Кірістер комитеті өзіне әдейі банкроттық жариялағандарға қолданылатын жазаны атады

112

Соңғы уақытта міндеттемелерін орындай алмаған немесе әдейі орындаудан жалтарған компаниялардың сот арқылы әдейі банкрот деп танылу жағдайлары жиілеп кетті. 

Кірістер комитеті өзіне әдейі банкроттық жариялағандарға қолданылатын жазаны атады Фото: taldykorgan-online.kz

Мемлекеттік кірістер комитеті қазір мұндай әрекеттер жазасыз қалмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әдейі банкроттық ұғымы Қазақстан Республикасының "Оңалту және банкроттық туралы" Заңында бекітілген, оған сәйкес, әдейі банкроттық деп кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтаруға бағытталған, мүлікті жасыру немесе иеліктен шығару жолымен жасалған құрылтайшының, лауазымды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің қасақана әрекеттері танылады.

Әдейі банкроттықтың белгілері ретінде әдейі тиімсіз немесе жалған мәмілелер жасасу, активтерді шығару, қарыздарды өндіріп алудан бас тарту, мүлікті жасыру немесе беру, берешекті жалған арттыру, басқару және есеп жүйесін қасақана бұзу, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттер танылуы мүмкін.

Қазақстан заңнамасында, атап айтқанда жоғарыда көрсетілген заңда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде құрылтайшылар мен лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі көзделген.

Егер банкроттықтың әдейі жасалғаны анықталса, онда сот тәртібімен бақылаушы тұлға субсидиарлық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, яғни компанияның берешектерін өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті болады.

Сонымен қатар егер кінәлі тұлға әкімшілік немесе қылмыстық тергеп-тексеру нәтижесінде кінәлі деп танылса, онда банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін де субсидиарлық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі сақталады.

2024–2025 жылдаға банкроттық рәсіміндегі барлық борышкердің қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде 120 әкімшілік өндіріс және 44-тен астам қылмыстық іс әдейі банкроттық белгілері бойынша қозғалды.

Енді мемлекеттік кірістер органдарының жоспарларында әдейі банкроттық белгілерін анықтаудың автоматтандырылған құралдарын пайдалану, мәмілелерді, компаниялар арасындағы байланыстарды және борышкерлердің мінез-құлқын талдау, ол үшін оңалту және банкроттық рәсімдерін автоматтандыру бойынша белсенді жұмыс басталды.

Мысалы, 2024 жылы Жамбыл облысында компанияның бұрынғы директоры сот үкімімен әдейі банкроттық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, ал 2025 жылы сот бұл тұлғадан компанияны банкрот деп тануға дейін банктік шоттардан шығарылған ақша түріндегі активтер үшін кредиторлардың пайдасына 45 миллион теңгеден астам қаражат өндіруге шешім қабылдады.

Мұндай жағдайлар жекелеген мысалдар емес, тек 2025 жылдың өзінде кінәлі тұлғаларға қатысты 12-ден астам осындай сот шешімі шығарылған, борышкерлердің заңсыз әрекеттерін автоматтандырылған түрде анықтау процестері енгізілуіне байланысты, мемлекеттік кірістер органдары аналитикалық негізділік пен жүйелі дәлелдемелер базасының арқасында құқық қорғау органдарына жолданатын материалдардың тиімділігі артады деп болжап отыр. Сәйкесінше сотқа жолданатын талаптардың да артуына әкеледі.

Осылайша, банкроттық рәсімі жосықсыз кәсіпкерлер үшін жауапкершіліктен жалтару тәсілі болуды тоқтатады және әділдікті қалпына келтірудің пәрменді құралы – кінәлі тұлғаларды жеке жауапкершілікке тарту есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыруға бағытталған тетікке айналады.

Ескіру мерзімі ұзартылуы мүмкін, ал қаржылық және қылмыстық жауапкершілік нақты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу