Кірістер комитеті ірі компанияларға мониторинг жүргізді

283

2023 жылдың қорытындысы бойынша ірі салық төлеушілерден (жер қойнауын пайдаланушылардан басқа) республикалық бюджетке түсетін түсімдер 823,5 млрд. теңгеге немесе 36%-ға ұлғайып, 3 123,1 млрд. теңгені құрады.  

Кірістер комитеті ірі компанияларға мониторинг жүргізді Фото: selinc.com

Жүргізілген 36 салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша жалпы бюджетке – 34 млрд. теңге өндіріліп алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Ірі салық төлеушілер департаментінің директоры Инкар Елубай мәлімдемесіне сілтеме жасап. 

Жалпы 354 салық төлеуші — мониторингте тұрған ірі кәсіпкерлік субъектілері, оның 105-і жер қойнауын пайдаланушылар, 249-ы экономиканың түрлі секторларының ірі салық төлеушілері. 

"Жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, мониторингте тұрған компаниялар бойынша 2023 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке түсетін түсімдер 823,5 млрд. теңгеге немесе 36%-ға ұлғайып, 3 123,1 млрд. теңгені құрады (2022ж. – 2 299,6 млрд. теңге). 

2023 жылдың қорытындысы бойынша салықтық әкімшілендіру шараларының нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, ірі салық төлеушілерден бюджетке 162,1 млрд.теңге қосымша резервтер іздестірілді", — деп хабарлады Инкар Елубай.

Жалпы, 2023 жылы ірі салық төлеушілерге 36 салықтық тексеру аяқталды.  Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша 51,6 млрд. теңге –салықтар мен өсімпұлдар қоса есептелді. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша жалпы бюджетке – 34 млрд. теңге өндіріліп алынды.

Қазіргі уақытта мониторинг Салық кодексінің 132-бабына сәйкес жүзеге асырылады, сәйкессіздіктер анықталған жағдайда алдын ала жүргізілген талдау бойынша салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеудің дұрыстығын растайтын құжаттарды ұсыну туралы талап қойылады.

Одан әрі, заңға қайшы дүниелер анықталған жағдайда ірі салық төлеушіге жазбаша түсіндірме беру құқығын бере отырып, арнайы хабарлама жіберіледі, ескертулер ескерілмеген жағдайда ғана мемлекеттік кірістер органы уәжделген шешім шығарады және анықталған келіспеушіліктер бойынша салықтық тексеруі тағайындайды.

"Қазіргі уақытта Комитет салықтық әкімшілендіруді оңайлату бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Оңайлату әлеуеті цифрлық шешімдерді енгізуден және қашықтықтан басқаруды дамыту арқылы жүзеге асады, оның басымдылығы жаңа жоба – деңгейлес мониторинг", — деп түсіндірді спикер. 

Деңгейлес мониторинг – бұл ірі салық төлеушілердің салық мониторингінің бөлігі болып табылатын салықтық бақылаудың жаңа нысаны.

Деңгейлес мониторинг дәстүрлі салықтық тексерулерді алмастыратын ақпараттық шешімдер арқылы мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеуші арасында онлайн-ақпарат алмасуды көздейді.
Бұл ретте, салық төлеушілер тәуекелдер бойынша бақылауды енгізе отырып, бастапқы құжаттарға дейін салық есептілігін ашу жолымен қажетті ақпаратты ашады, бұл ұсынылатын құжаттардың көлемін азайтуға және тәуекелге бағдарланған мониторингті енгізуге мүмкіндік береді.

Осылайша, деңгейлес мониторинг салықтық тәуекелдерді (өсімпұлдар мен айыппұлдарды) едәуір төмендетуге, сондай-ақ бюджетке уақтылы түсімдермен қамтамасыз етуге және 3 жылдан астам уақытқа созылуы мүмкін салықтық тексерулердің қорытындысы бойынша ұзақ дауларды болдырмауға мүмкіндік береді, деп нақтылады Мемлекеттік кірістер комитеті өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу