"Кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз": Депутат мәселе көтерді

117

Халық қалаулысы нарықты Ресей мен Беларусьтің азық-түліктері жаулап алғанын айтады.

"Кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз": Депутат мәселе көтерді Фото: Жұмабеков Жаслан

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи отандық өндірісті қолдауға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, өңірлерді аралау кезінде көтерілетін мәселелердің бірі –
отандық өндіріс пен өндірушілерді қолдау. 

"Мемлекеттік несиелік бағдарламалардың көмегімен салынған өндірістік кәсіпорындар 40-50 пайыздан аспайтын қуатта жұмыс істеп жатыр. Бюджеттің есебінен, мемлекеттік қаржыға салдырып, ол кәсіпорындарды нарыққа лақтырып жібереміз. Мәселен, "Даму" және де басқа қорлардың көмегімен салынған ет комбинаттары мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан, жартылай мүмкіндікте ғана жұмыс істеп жатыр. Есесіне нарықты Ресей мен Беларусьтің азық-түліктері жаулап алған. 

Ит өлген, ит емес-ау, кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Тоңазытқышы жоқ қазақ қарынға салып, май өндірген ғой. Мынау ұят қой. Ал біздің өндірісіміз тоқтап тұр. Балтикадан май тасимыз. Бұл сорақылық қой. Май өндірген қазаққа өз отандық өндірісімізді қолдамай, сырттан делдалдардың көмегімен сары май тасу деген. Мына "Samruk-Kazyna Construction" компаниясы мемлекеттік несиеге салдырған құрылыс зауыттары банкрот болудың алдында тұр. Осы орайда Үкіметтің ұстанымы қандай, қандай әрекет жасап жатыр?", – деп сұрады Ермұрат Бәпи.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев бұл мәселеге бір сөзбен жауап қайтару мүмкін екен екенін жеткізді.

"Бұл экономикалық күрделі мәселеге жатады. Егер біздің отандық тауар өндірушілер ішкі нарығымызда бәсекеге сай болса, ол неге тоқтатылады? Мысалы, сүтке қаншама субсидия беріліп жатыр. Үкімет тарапынан сүт өңдеу зауыттарына қаншама көмек келіп отыр. Бірақ әлі күнге дейін 100 пайыз ішкі нарықты қамтамасыз етті деп айта алмаймыз. Әлі де болашақта көп жұмысты қолға алу керек. Тиісті жоспарлар әлі бар. Қазір құзырлы министрлік өткен жылы заңға тиісті өзгерістерді енгізіп, отандық тауар өндірушілердің реестрі бар", – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу