Сенат депутаты Бекболат Орынбеков қосылған құн салығының асып кетуін қайтару мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.
Бекболат Орынбековтің айтуынша, қосылған құн салығы бойынша жоспарланған 6 триллион 510 миллиард теңгенің орнына бюджетке 6 триллион 112 миллиард теңге ғана түсті, яғни жоспар 398 миллиард теңгеге орындалған жоқ. Бұған жыл сайын әсер ететін негізгі себеп – осы салық түрін бизнеске қайтару процесі, деді ол.
"Мәселен, өткен жылдың басынан бері кәсіпкерлерге 1 триллион 354 миллиард теңге қайтарылды, оның 592 миллиард теңгесі 2024 жылдан қалған төлемдер. Бұл жағдай жалпы 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы төлем уақытша тоқтатылып, бизнеске небәрі 429,7 миллиард теңге берілген болатын. Салдарынан 2024 жылы қайтарылған қаражат көлемі үш есеге жуық өсіп, 1 триллион 216 миллиард теңгеге жетті. Төлемнің бұлай өсуіне 2023 жылдан қалған 534,7 миллиард теңгені қайтару қажеттілігі себеп болды", – деді Бекболат Орынбеков.
Сенатор 2026 жылғы жағдай туралы сұрады.
"Соңғы жылдары қосымша құн салығының қалдықтарын қайтаруды жылдан жылға ауыстырып келеміз. 2023 жылдан бастап 600 миллиард көлеміндегі соманы келесі жылға ауыстыруға мәжбүр болып отырмыз. Бірақ соған қарамастан жыл сайын біз қосымша құн салығын өте көп қайтарып отырмыз. Былтыр 1 триллион 354 миллиард қайтардық, алдыңғы жылы 1 триллион 200 миллиард. Былтыр жоспар бойынша 877 миллиард болған, бірақ біз 1 триллион 354 миллиард қайтардық. Биыл жоспар 1 триллион 800 миллиард болып отыр, бірақ Қаржы министрлігінің есебі бойынша жыл соңына қарай 3 триллион 400 миллиардқа дейін жетеді деп ойлаймыз", – деп жауап берді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Жалпы алғанда, 2026 жылы бүгінгі таңда 400 миллиардтан астам қосылған құн салығы қайтарылды, деп атап өтті ол.
"15 маусымдағы деректерді алсақ, 1 триллион теңгеге жуық қосылған құн салығы қалды. Оның бәрі тексерістен өтілген қаражат, соны қайтаруымыз керек. Оның 60 пайыздан астамы – "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының қарыздары", – деді ведомство басшысы.