"ҚҚС төлеуі тиіс салаларды салықтан босаттыңыздар": Депутат әуе билетінің қымбаттауына шағымданды

357

Құзырлы министрлік бұл мәселеге талдау жүргізетін болды. 

"ҚҚС төлеуі тиіс салаларды салықтан босаттыңыздар": Депутат әуе билетінің қымбаттауына шағымданды Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек салық реформасы аясында әуе тасымалдаушыларын авиаотынға ҚҚС төлеуден босатудың тиімділігіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Азамат Кемеңгерұлы, жұмыс тобының мүшесі ретінде сіздің бұған дейін айтқаныңыз есімде.  Жұмыс тобында осы мәселеге қатысты басқаша айтқан болатынсыз. Сіз "6 ай уақыт беріңіздер, 2026 жылдың қаңтарынан бастап Салық кодексі күшіне енеді, мамыр-маусым айларында сіздерге талдау нәтижелерін, түзетулерді ұсынамыз" дедіңіз. Бірақ та, ешқандай талдау, түзету де жоқ. Қазір пленарлық отырыста сіз бізге бір жыл қажет деп отырсыз. Біз сіздің жұмыс тобында айтқан сөздеріңізді білеміз ғой. Ол жерде басқа нәрсе, мұнда басқа дүние айтып отырсыз. Мен өз ұстанымымда қаламын. Сіздер Салық кодексі шеңберінде қосылған құн салығын төлеуі тиіс салаларды салықтан босаттыңыздар. Бұл ретте ҚҚС-ты жеңілдік болуы тиіс салалардың мойнына іліп қойдыңыздар. Мәселен, әуе отынын алайық", – деді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.  

Оның айтуынша, министрлік авиаотын сатып алуды ҚҚС-тан босатқан.

"Сіздер осылайша әуе билеттері 1 қаңтардан бастап арзандайды деп айттыңыздар. Алайда билеттер арзандаудың орнына керісінше қымбаттады. Әуе компаниялары бұған дейін әуе отыны үшін төлеп келген қаражатты өздерінде қалдырды. Бұл – қомақты сома. Яғни, әуе билеті құнының 60-70 пайызға жуығын құрайды. Ұлттық экономика министрлігі осы заң жобасы аясында Салық кодексіне түзетулер пакетін енгізе ме деген сұрағым бар", – деп сұрады депутат. 

Ұлттық экономика бірінші вице–министрі Азамат Әмриннің айтуынша, авиаотын бойынша ҚҚС нормасын алып тастау кезінде билет бағасын төмендету мақсаты болған. 

"Мұны жауапты салалық мемлекеттік орган ұсынған болатын. Қазіргі таңда белгілі бір жеңілдік алғысы келген тарап бейінді мемлекеттік орган арқылы норманы ұсынады. Жаңа Салық кодексі шеңберінде 2027 жылдан бастап республикалық бюджетпен бірге салықтық шығыстар туралы есепті жыл сайын сіздерге ұсынамыз деген норма бар. Оның аясында жеңілдіктердің тиімділігіне талдау жүргізілетін болады. Мәселені бақылауға аламыз. Бұл аталған жеңілдікті алып тастау бойынша бастама көтеруге негіз болуы ықтимал", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу