Классикалық шахматтан Астана құрамасы ел чемпионы атанды

133

Чемпионатқа еліміздің 11 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 86 шахматшы қатысты. 

Классикалық шахматтан Астана құрамасы ел чемпионы атанды Фото: gov.kz

Қызылорда қаласында ерлер, әйелдер және ардагерлер (сеньорлар) арасында өткен классикалық шахматтан Астана қаласының құрама командасы чемпион атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтың қорытындысы бойынша 7 кездесуде де басым болған Астана қаласының құрама командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Құрама сапында Аслан Айтбаев, Аян Ахметов, Әлішер Мажкенов және Амина Қайырбекова өнер көрсетті.

Дәл осы санатта Қызылорда облысының құрамасы күміс медальға қол жеткізсе, Павлодар облысының спортшылары қола жүлдені еншіледі.

Ал Ардагерлер арасындағы бәсекеде Алматы қаласының спортшылары алтыннан алқа тақты. Жүлделі екінші орынға Владислав Насыбуллин, Арман Оспанов, Құнанбай Сағнаев және Әлфия Төребаева бастаған астаналық ардагер спортшылар жайғасты. Қоланы Жамбыл облысының ардагерлері иеленді.

Қызылорда төрінде тоғыз күнге созылған классикалық шахматтан ҚР командалық чемпионатының жеңімпаздары өз санаттары бойынша дипломдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу